Жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені, бассейн және ипподром: Бұқар жырау ауданында спортты дамыту үшін не жасалуда?

Қарағанды облысының әкімдігі

Алдағы жылдары Бұқар жырау ауданында хоккей корттары, баскетбол және волейбол алаңдары, бассейн мен ипподром ашылады. Бұл туралы аудан әкімі Ерлан Құсайын Ғ. Мұстафин ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиевпен және жергілікті спортшылармен кездесу барысында айтты.

Мұндай кешен өткен жылы Қарақұдықта да ашылды, ал Үміткер және Үштөбе ауылдарында көп функционалды хоккей корттары орнатылды. Төрткөл мен Қушоқыда шағын футбол алаңдары пайда болды, ал Центральный ауылында спорт залы жөнделді.

Төрт жыл бойы ауданда спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 31 жоба жүзеге асырылуда. Алты елді мекенде көпфункционалды хоккей корты, бесеуінде баскетбол және волейбол алаңдары, төртеуінде шағын футбол алаңдары орнатылады. Аудан орталығында 25 метрлік жүзу бассейні мен 250 орындық ипподром салынады.

Ерлан Құсайын атап өткендей, жабық спорт ғимараттарының жетіспеушілігі проблемалық мәселе болып қалуда.

– Бұл мәселені шешу үшін Баймырза және Доскей ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы жоспарланған. 2026 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша Қушоқыда 100 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жалғасады. Сондай-ақ, Ботақарада орталық стадионды қайта жөндеу көзделген, – деп хабарлады аудан әкімі.

Ерекше мұқтаждығы бар тұрғындар да назардан тыс қалмайды. Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 30 адам бочче және жеңіл атлетикамен шұғылдана алады.

Әзірге спорттық инфрақұрылымы жеткіліксіз елді мекендерде «Арлан» аудандық спорт клубы базасында ұйымдастырылған аула клубтары тұрақты спортпен айналысуға балама болады. Қарақұдық, Доскей, Қушоқы, Центральный, Самарқан, Петровка, Көкпекті, Қызылжар және Баймырза ауылдарында жаңа клубтар ашылады.

Кездесу барысында Серік Сәпиев спорт инфрақұрылымының даму қарқынын атап өтіп, аудан әкімі Ерлан Құсайынға Алғыс хат табыстады. 

 Облыстық және республикалық қоян-қолтық ұрыс жарыстарының бірнеше мәрте жеңімпаздары – армиялық қоян-қолтық ұрыс бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы, Қызылқайың ауылынан Жасұлан Нұрболат және Үштөбе ауылынан Уәлихан Мақұлбаев; 

дзюдо және самбо бойынша облыстық және республикалық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы, жауынгерлік самбо бойынша 2024 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Тәңірберген Тергеубеков; қазақ күресінен облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпазы, 2024 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері, Шешенқара ауылынан Ернат Болысхан 500 мың теңгеге атаулы ойылған медальдар мен сертификаттар алды.

Сонымен қатар, «Арлан» спорт клубына миллион теңгенің сертификаты берілді.