Дастан Сәтпаев мансабын «Челсиде» жалғастырады, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы «Қайрат» футбол командасы мәлімдеді. Алматылық «Қайрат» пен лондондық «Челси» 16 жастағы шабуылшының трансфері бойынша келісімге келіпті. Ол 2026 жылы жазда кәмелетке толған соң ағылшын клубына ресми түрде қосылады. Ол уақытқа дейін Сәтпаев «Қайрат» сапында өнер көрсетеді.
Дастан Алматыда дүниеге келген. Сегіз жасында «Қайрат» академиясына түскен. Ол QJ League-те екі маусымда 28 матчта 26 гол, 10 нәтижелі пас берген. QJ League 2024 жылғы маусымның ең құнды ойыншысы атанған. Бірінші лигада 5 матч ойнап, жеңіс голын соққан. 2024 жылы мамырда 15 жасында Сәтпаев негізгі командада дебют жасап, «Қайрат» тарихындағы ең жас ойыншы атанды.