Астанада мамыр айында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай әскери шеру өтеді. БАҚ беттерінде әскери шеруді ұйымдастыруға бюджеттен 2,5 миллиард теңге бөлінетіні туралы ақпарат тарады. Бюджеттен қомақты қаражат жұмсалады деген жұртқа Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов жауап берді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Арман Қасенов мұндай ауқымды шараларға жұмсалатын 2-3 миллиард теңге ел экономикасы үшін қомақты сома емес екенін айтты.
“Ашығын айтқанда, министрлік ретінде біз мұндай жұмыстармен айналыспаймыз. Бірақ іс-шараларға келетін болсақ, оларды өткізу үшін кететін шығын көлемі айтылғанда, іс-шаралар, форумдар, шерулер елдің беделі мен танымалдығын нығайту үшін және инвестиция тартуға көмектесу үшін қажет екенін түсіну керек. 1, 2, 3 миллиард теңге деген қаражат Қазақстан экономикасы үшін айтарлықтай көп ақша емес”, – дейді Арман Қасенов.
Ұлттық экономика вице-министрі осы ретте Астана халықаралық форумын мысалға келтірді.
“Астана халықаралық форумын өткізуде онда демеушілердің қаражаты тартылады. Демеушілердің қаражатымен барлығы өтеледі деп отырмыз. Олай болмаған күннің өзінде, әлеуетті инвесторларды тарту мақсатында Қазақстанның халықаралық аренада танымалдығын арттыру үшін 1,4-2 миллиард теңге көп қаражат емес”, – деді вице-министр.
Оның айтуынша, Қазақстандағы негізгі капиталға түсетін жылдық инвестиция 40 миллиард долларды, тікелей шетелдік инвестиция 20 миллиард долларды құрайды.