Мемлекеттің қолдауы Қарағанды облысында бизнесті дамытуға қалай көмектесуде

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында өткен жылы жергілікті бюджеттен 1276 жаңа бизнес-жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ жұмыс істеп жатқан компаниялар да мемлекеттік қолдауға ие болды. «Кәсіпкер» бағдарламасы мен Кәсіпкерлікті дамытудың 2021—2025 жылдарға арналған ұлттық жобасының арқасында ортопедиялық матрас және бөлме аралық есік шығаратын кәсіпорындар өндірісті кеңейтіп қана қоймай, бәсекеге қабілетті өнім шығаруды жолға қойды.

2016 жылы құрылған «Фламинго KZ» ЖШС ортопедиялық матрастар шығарады. Компанияда өндірістің толық циклі – ортопедиялық серіппелі блокты дайындаудан бастап дайын өнімді орауға дейінгі процесс қамтылған. 

Жетекші өндірушілердің сапалы материалдарын пайдалану көптеген импорттық аналогтардан кем түспейтін өнім жасауға мүмкіндік берді. Бүгінде фабрикада 40-қа жуық адам жұмыс істейді. Жыл сайын кәсіпорынның салықтық аударымдары ұлғаюда. «Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша алынған қаражат компанияға өндірісті кеңейтуге, жаңа жабдықтар сатып алуға және өнімділікті арттыруға көмектесті.

– Біздің мақсатымыз – өңірде ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша танымал бренд болу, – дейді «Фламинго KZ» ЖШС сату бөлімінің бастығы Екатерина Нұрахметова. – Мемлекеттік қолдау бізге тұрақты дамуға көмектеседі.

İsmail Doors – ірі тапсырыстарды орындауға дайын, өңірдегі бөлмеаралық есік шығаратын санаулы компаниялардың бірі. 

Кәсіпорынның жобалық қуаты – жылына 10–12 мың есік. Бөлме аралық есіктер сертификатталған материалдардан жасалады. 

Компанияда 20 адам жұмыс істейді. Бизнесті кеңейтуге және құрал-жабдықтар сатып алуға кәсіпорын 2021–2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша қолдауға ие болды.

Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарскаяның айтуынша, шағын және орта бизнесті қолдау – бұл экономиканың болашағына салынатын инвестиция. 2024 жылы облыстық бюджеттен 1276 жаңа жоба қаржыландырылды. Сондай-ақ бұрын қабылданған міндеттемелерді субсидиялау жалғасуда.

– Біз бизнестің іскерлік белсенділігінің артқанын көріп отырмыз. Өңір экономикасындағы шағын және орта бизнестің үлесі 43,2% құрайды, – дейді Ирина Любарская. – Қолдаудың маңызды шараларының бірі бөлшек салық мөлшерлемесін екі есеге – 4%-дан 2%-ға дейін төмендету болды, бұл салық төлеушілер санын 20 есе, ал салық түсімдерінің сомасын 250 есе ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Өңiрдегi шағын және орта бизнестi дамытудың басым бағыттары өңдеушi және туристiк салалар болып қалып отыр.