АҚШ әскері енді қызметке трансгендерлерді алмайды

Фото: baq.kz

АҚШ Қарулы күштері енді трансгендерлерге әскери қызметке тұруға рұқсат бермейді, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Аталған шешім Дональд Трамптың трансгендерлердің әскерде қызмет етуіне тыйым салу туралы жарлығымен байланысты. Сонымен қатар құжатта тек екі жынысты – ер мен әйелді ресми түрде тану қажеттігі атап өтілген.

АҚШ армиясы бұдан былай трансгендерлердің Қарулы күштер қатарына қосылуына рұқсат бермейді, сондай-ақ әскери қызметкерлерге жыныстық ауысу процедураларын жүргізуге немесе оған жағдай жасауға тоқтау салады, — делінген АҚШ Қарулы күштерінің X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі ресми хабарламасында.

Бұл шектеу елдегі ЛГБТ+ құқықтарын қорғау саласындағы пікірталастарды күшейтіп, адам құқықтары жөніндегі ұйымдар тарапынан сынға ұшырауы мүмкін. Сонымен қатар бұрын жыныс ауыстырған әскери қызметкерлердің тағдыры да белгісіз болып отыр.