Ұлытаудағы кеншілер қазасы: Бозымбаев шахтадағы апаттың алдын ала себебін атады

Фото: Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметі

Вице-премьер кеншілер қазасын тексеретін үкіметтік комиссияның жұмысына тоқталды, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

Ұлытау өңіріндегі шахтада болған төтенше жағдайдың алдын ала себебі - табиғи газдың жарылуы, деп мәлімдеді премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев.

Үкімет отырысында ол "Жомарт" шахтасындағы апаттың себептері мен қауіпсіздік техникасының бұзылуын тексеру жұмыстарын 10 күн ішінде аяқтау керектігін айтты.

Сондай-ақ, тиісті сараптамалар жүргізіледі, деді Бозымбаев.

"Қазір шахтадағы жұмыс тоқтатылды. Екі арнайы шағын комиссия құрылды: бірі апаттың себептерін анықтауы керек, екіншісі қауіпсіздік ережелерінің бұзылуын анықтауы керек", - делінген хабарламада.

Еске салайық, 17 ақпан күні Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС-нің Жомарт кенішінде тау жынысы опырылған болатын. Оқиға салдарынан жеті жұмысшы үйінді астында қалды. Барлығы қайтыс болды.Бұл төтенше жағдайға байланысты "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.