Студенттік круассандар: Қарағандыда колледж жанынан шағын наубайхана ашылды

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағандыда енді тек студенттік батон ғана емес, студенттік нан, бәліш, тіпті круассан да пісіріледі. Қарағанды тамақтану және сервис колледжінің базасында «Нан time» студенттік шағын наубайханасы ашылды.

Шағын наубайхана Жұмысшы мамандықтар жылы және «Баршаға қолжетімді сапалы білім беру» ұлттық баяндамасын іске асыру шеңберінде құрылған оқу-өндірістік цех болып табылады.

Шағын наубайхананың ашылуында ұстаздар нан, круассан және десерт дайындау бойынша шеберлік сабақтарын өткізді.

Қазір онда «аспаз» және «кондитер-безендіруші» біліктіліктері бойынша студенттер қамырмен жұмыс жөніндегі модульдерді зерделеу кезінде айналысады. Алдағы уақытта «наубайшы» мамандығын ашу жоспарлануда. Енді бұл үшін білікті оқытушылар ғана емес, толық жабдықталған тәжірибелік кеңістік те бар.

Наубайхананы құру үшін кәсіби жабдықтар сатып алынды: қамыр кесетін және қамыр жаятын машиналар, бу конвекторлық, ротациялық және табандық пештер, тоңазытқыш шкаф, стеллаждар және т. б.

Колледж директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Диляра Апсалямова шағын наубайхана студенттерге кәсіби дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Біз студенттерді қамырмен жұмыс істеуді үйретіп қана қоймай, өз өнімдерімізді колледждің әлеуметтік серіктестері арқылы сатуды жоспарлап отырмыз, – деді Диляра Апсалямова. – «Нан time» сауда маркасымен Қарағанды дүкендеріне 58 нан-тоқаш өнімдері жеткізіледі. Олардың арасында түрлі қамыр, ашытқы және ашытқысыз нан, тәтті нан, круассан және көптеген дәмділер бар.

Наубайхананың ашылуы колледждің мерейтойына орайластырылған. Оның құрылғанына 85 жыл болды.