Life09 ақпарат агенттігінің редакциясына «Шет-Энерго» компаниясынан зардап шеккен тағы бір тұрғын өз шағымын айтып хабарласқан болатын. Мәселенің мән-жайын тілшіміз тарқатып көрді.
Редакциямызға қоңырау шалып өз шағымын айтқан ақсақалдың есімі Тілеуқабыл Есембекұлы. Ол кісі аталған компаниямен 3 мәрте соттасқан екен. Сөзінше тіпті компания жетекшісі оны бопсалаған көрінеді.
«Компаниямен 3 рет соттасып, екеуінде жеңдім. Оның негізгі мақсаты біреуге көмектесу емес, негізгі мақсаты ақша бопсалау. Мен соңғы болған жағдайды айтайын 2022 жылы бізге тоқ беруді тоқтатып тастады. Барлығы ескі, бағаналары құлап қалады, линиясы үзіліп қалады бәрі біткен затқой. Не істесең де келіп ақша бопсалайды», - дейді зейнеткер Тілеуқабыл Есембекұлы.
Зейнеткердің айтуы бойынша сот шешеміне қарамастан компания өз жұмыстарын жасаудан бас тартқан, тіпті «Шет-энерго» компаниясы кәсіпкерлердің бизнестерінің тоқтауына себепкер болған екен. Жыл басынан бері Шет ауданындағы ауылдарды қоса санағанда 81 апат орын алған. Жергілікті билік электр желілерін қалыпқа келтіру үшін тиісті жұмыстарды жүргізуде.
«Шет ауданында біреу бизнес ашатын болса міндетті түрде тоқты тоқтатып тастайды. Біреу бизнес бастап кетсе онда оған ақша әкеліп бергенше кедергі жасайды. Наубайханамыз болған, аудан халқын нанмен қамтамасыз етіп отырдық. Бір рет нан көтерілетін уақытта өшіріп тастайды. Сосын тағы екі күннен кейін өшіреді, ақырында ақша сұрайды. Көп ақша сұрамаса да бірнеше рет ақша беруге тура келді. Сөйтсек ол наубайханамыздың жұмысы тоқтағаннан кейін, өзі наубайхана ашып алыпты. Енді бір мәселе бар, компанияны мемлекетке қайтарып, жеке меншікке берсін», - дейді Тілеуқабыл Есембекұлы.
Аталған мәселе бойынша біздің редакция тілшілері «Шет-энерго» компаниясының басшысы Құрманғазы Әміровқа хабарласқан болатын.
«Ол кісіні жақсы танимын, сол кісілердің адамы. Ол кісіні мен сотқа беремін. Бұл сөзді ол кісі бірнеше жерде айтып жүр. Үш рет соттасқанымыз жоқ. Кезінде 10 жыл бұрын бір рет соттасқан. Кафесі жөнінде соттасып жеңілген еді. Қыстағында сүтім бүлінді, сиыр сауа алмадым дейді. Бұл кісі осыдан бірнеше жыл бұрын біздің желіден кеткен. Енді өткенде сотта бүкіл сүтті қайда өткіздің, кімге өткіздің деген сұрақ туындады. Бүкіл құжатын заң бойынша сұраттық. Ештеңеде жоқ, құр сөз. Үш жүз рет жарық сөнді дейді, 365 күннің үш жүзінде жарық сөнсе халық қаңғып кетпейді ме? Неше түрліні көрсетіп жатыр, бәрі жалған», - деді «Шет-энерго» компаниясының басшысы Құрманғазы Әміров.
27 елдімекеннің электр желісі, подстансалары мен трансформаторлары жеке кәсіпкердің иелігіне 1997 жылы берілген екен. Алайда, 30 жылға жуық уақыт ішінде «Шет Энерго» ЖШС тарапынан электр желілерін жаңартуға инвестиция құйылмаған. Бұл тұрақты түрде электр қуатының үзілуіне, жиі істен шығуына әкеп соқты.
«Үш-төрт жылда жағдай күрделеніп кетті. Ескертусіз тоқ ағытылады. Күнде авария. Тоқ сөнуі жиі болмады дейді, біз оған күнделікті мониторинг жүргізіп отырмыз. Осы желіде аудан бойынша қанша рет тоқтың ағытылуы болғанын білеміз. Оның бәрі дәлелденген заттар. Бірінші мақсатымыз халыққа тоқ беру. Мемлекетке қайтпай бұл мәселе шешілмейді. Әрі қарай біздің аудан мүлдем тоқсыз қалуы мүмкін», - дейді Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров.
Естеріңізге сала кетейік, бірнеше күн бұрын Қарағанды облысының Шет ауданында төтенше жағдай жарияланған еді. Сол уақыт аралығында 30-ға жуық елдімекен жарықсыз қалған болатын. «Шет-Энерго» компаниясының салғырттығынан энергиямен қамтамасыз ету жүйесінде үлкен мәселелер туындады. Ал, компанияға қарасты ауыл тұрғындары «Шет Энерго» мемлекет меншігіне қайтарылсын деп отыр.