Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Еңбек адамы» жобасы: «Tengri Tyres» зауытының қызметкерлері мен олардың адал еңбегі

Фото: Life09

Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялағаннан бастап «Life09» ақпарат агенттігі «Еңбек адамы» жобасын бастаған болатын. Жоба аясында Қазақстандағы жалғыз дөңгелек шығаратын зауыттың тыныс-тіршілігімен танысып, өндіріс ошағының ахуалын біліп қайтқан болатынбыз.

1

Саран қаласында орналасқан «Tengri Tyres» зауыты өзінің сапалы өнімдерімен, өндірістік қуатымен және бәсекеге қабілеттілігімен тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие болған ірі кәсіпорындардың бірі болып саналады. Компанияның табысты әрі халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті болуы зауыт қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен ерен еңбегінің арқасы.

Зауыттың ішкі тыныс-тіршілігімен танысу барысында сол жерде істейтін жас маман Рахымжанов Шахнияз Саматұлының жұмысын меңгеріп көруге тырыстық. Ол «Tengri Tyres» зауытында 3 жылға жуық еңбек етіп, аз уақыт ішінде қарапайым электромеханик қызметінен технологиялық жабдықтарды жөндеу тобының инженер-механигі қызметіне тағайындалған. Шахнияздың айтуынша, өз ісіңді жақсы көріп, үнемі ізденіс үстінде болсаң, қандай жұмыста болмасын жетістікке жетуге болады. Тек адам бойында жұмысына деген адалдық пен болашаққа деген сенім болуы керек.

Шахнияз Саматұлы Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетін бітірген соң, бірден зауытқа өзінің түйіндемесін өткізіп, жұмысқа шақырту алған. Сол уақыттан бері зауыттың дамуы мен сапалы өнімдердің шығуына өз үлесін қосуда.

2

«Жұмыскерлерге нұсқаулық (инструктаж) жүргізіп, тапсырма беріп, жұмыс орындарына тіркеу менің күнделікті жұмысым. Жұмыс процесінің тиімділігін қамтамасыз ету және мамандардың қалай жұмыс атқарып жатқанын бақылауда ұстау менің басты міндетім», – дейді Шахнияз.

Адал еңбек ету, білімін үнемі жетілдіру, әрдайым ізденісте болу, даму және тәжірибесімен бөлісіп, ел экономикасының өркендеуіне үлесін қосу. Шахнияздың өмірдегі басты ұстанымдарының бірі.

«Қазақстанда өнеркәсіп саласы қарқынды дамуда. Сондықтан менің өз қатарластарыма айтарым еш уайымсыз инженерлік мамандықтарды таңдап, осы салада еңбек етіңіздер. Зауытта жұмыс істеу сіздер ойлағандай қиын емес. Өйткені зауыт жаңа автоматтандырылған технологиялармен жабдықталған. Мұнда жұмыскерлердің адал еңбегі бағаланады, қызметтік өсу мүмкіндігі бар және жас мамандарды тәжірибеден өткізіп, білімдерін үнемі жетілдіріп отыруға жағдай жасалған», – деді Шахнияз Саматұлы.

«Tengri Tyres» зауытының жұмыскерлері – еліміздің экономикасына айтарлықтай үлес қосуда. Олардың қажырлы еңбегі, білімге деген құштарлығы және дамуға ұмтылысы Қазақстанның индустриялық саласының дамуына елеулі әсер етуде.