Қарағанды облысының Балқаш қаласында жергілікті билік туристер ағынын арттыру үшін жағдай жасауға тырысып жатыр. Өткен жылы үш жаңа демалыс аймағы пайда болды, биыл тағы алтауы қосылуы мүмкін.
Бұл туралы Балқаш әкімі Сапар Сатаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте хабарлады.
Оның айтуынша, өткен жылы Балқаш курорттық аймағында демалушылар саны 30%-ға жуық өсіп, 121 мың адамды құраған. Туристерді 99 нысан қабылдады.
— Өткен жылы үш демалыс аймағы пайдалануға берілді. Биыл жалпы инвестиция сомасы 2,4 млрд теңгені құрайтын алты туризм нысанын іске қосу жоспарланған, — деді Сапар Сатаев.
Тораңғалық және Шұбартүбек курорттық ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысы басталады. Демалыс аймақтары орталық сумен жабдықталады.
Сонымен қатар, биыл жағажай мен қала жағалауын қайта жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс.
Балқаш әуежайын қайта жаңарту жалғасуда. Қазір арнайы көлік қызметі ғимаратының құрылысы және аэровокзалды қайта жаңарту жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарланған.
«БалқашTourfest» фестивалі дәстүрге айналды. Өткен жылы оған 30 мыңнан астам адам жиналды. Биыл одан да көп болады деп күтілуде.
— Фестивальдің басты мақсаты — Балқаш қаласының брендін туристік орталық ретінде қалыптастыру және ілгерілету, — деп атап өтті қала әкімі.