Қарағандыда қысқы Азия ойындарының жеңімпаздары марапатталды

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағандылық биатлоншы Владислав Киреев Қытайдың Харбин қаласында өткен қысқы Азия ойындарында екі медаль жеңіп алды. Ол 10 шақырымдық спринтте жеңіске жетіп, жеке жарыста чемпион атанды. Ал квартет құрамында күміс алды. Алтын медаль жеңіп алған Қазақстанның ерлер құрамасының құрамында қарағандылық Александр Борисевич ойнады.

Қарағанды облысының әкімдігінде Азия ойындарының чемпиондары мен олардың жаттықтырушыларына құрмет көрсетілді.

Олар ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Аймақ басшысы мен қарағандылықтардың атынан спортшыларды облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей құттықтады.

– Сіздер Қарағанды өңірінің спорттық дәстүрі мықты екенін тағы да дәлелдедіңіздер. Сіздердің жетістіктеріңіз - өңірдің жақсы имиджі ғана емес, сонымен қатар ең алдымен өскелең ұрпақ үшін үлгі және спортпен айналысуға ынталандыру. Болашақта да біздің облысымызды, елімізді ұлықтауды жалғастырасыздар деп күтеміз, – деп атап өтті Әлібек Әлденей.

Теміртау тумасы, Қарағанды облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің өкілі Владислав Киреев биатлонмен 16 жыл айналысып келеді. 

Ол Раис Хайрутдиновтың жетекшілігімен жаттығады. Республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше мәрте жүлдегері және жеңімпазы. 2022 жылы Пекинде өткен XXIV қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан.

– Харбиндегі жеке жарыстарда жеребе тастау нәтижесінде соңғы болып өнер көрсететін болдым. Бұл тиімді позиция болды. Мәреге жеткен бетте құттықтай бастады. Бірақ толқуым ұзаққа созылды. Подиумға шыққаннан кейін ғана «жеңдім!» дегенге сене бастадым. Оның үстіне бұл күні Қазақстанда екі медаль болды, – деп бөлісті Владислав Киреев. – Астана әуежайында бізге салтанатты кездесу ұйымдастырылды. Бізді қолдағаны қуантады. Одан әрі нәтижелер тек өседі деп үміттенемін.

Басты мақсат – 2026 жылғы қысқы Олимпиадаға қатысу. Алда биатлоннан Әлем кубогының үш кезеңі күтіп тұр – Чехия, Словения және Норвегияда. Алдағы халықаралық жарыстар 6 наурызда басталады.

Александр Борисевич қарағандылық хоккейдің барлық жүйесінен өткен. Кезінде түрлі халықаралық турнирлерде Қазақстан жастар құрамасының намысын қорғаған. Ұлттық құраманың құрамында ол алғаш рет өнер көрсетіп отырған жоқ және ұзақ уақыт тұрақтауға үміттенеді.

– Қысқы Азия ойындарында бірінші орын алу міндетіміз болды, оны орындадық. Финалда жапондармен ауыр ойын болды, бірақ біз жеңдік. Бұған дейін турнир иелері - Қытай құрамасын жеңген болатынбыз. Мамыр айында Швеция мен Данияда хоккейден әлем чемпионаты өтеді. Ұлттық құрамаға іріктеуден өтуге үміттенемін, – деді Александр Борисевич.