Олжас Бектенов кәсіпкерлерді екі апта ішінде салық сомасын әділетті түрде төлеуге шақырды

Фото: primeminister.kz

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринмен және қаржы министрі Мәди Такиевпен жұмыс кеңесін өткізді. Салық-бюджет реформасы және салық түсімдерін бақылауды күшейту мәселелері қаралды.

Қаржы министрі Мәди Такиев жүргізілген талдау шеңберінде жосықсыз салық төлеушілердің салық міндеттемелерін оңтайландырудың құқықтық схемасы ретінде шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту мақсатында бұрын енгізілген арнайы салық режимдерін (СРП) пайдалану фактілері анықталғанын баяндады.

Бүгінде елімізде 2,3 млн салық төлеуші тіркелген. Оның 8%-ы немесе 137 мыңы ғана – ҚҚС төлеушілер. Жалпы субъектілер санының 81%-ы оңайлатылған декларацияны пайдалана отырып, арнайы салық режимінде жұмыс істейді, ал олардың 85%-ы 15 млн теңгеге дейінгі кірістерді көрсетеді.

«Біз арнайы салық режимдерін қолданатын субъектілердің жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін компаниялармен өзара есеп айырысуларына талдау жасадық. Талдау көрсеткендей, мұндай режимдер арасындағы өзара есеп айырысу өткен жылы 2 есеге – 5 трлн-нан 10 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл ретте арнайы салық режимдері бойынша 16 трлн теңгенің жалпы айналымынан жалпыға бірдей белгіленген режиммен өзара есеп айырысу 10 трлн теңгені құрайды. Яғни, жүздеген миллиард теңге табыс тауып, салық төлеушілер аз ғана салық төлейді», — деген Мәди Такиев бизнес пайдаланатын бірқатар бөлшектеу схемаларын айтты.

Салықтарды оңтайландыру және пайданы азайту үшін компаниялар «құжаттық» шығындарды арттыру принципін ұстанады. Бір компания тауарларды сатып алады және оны оңтайландырылған режимде жұмыс істейтін басқа заңды тұлғаға өзіндік құны бойынша қайта сатады. Нәтижесінде, бірінші компания шығынды көрсетсе, ал екіншісі жеңілдік шарттарын пайдалана отырып, ҚҚС төлеуден жалтарып отыр. 

Сонымен қатар бизнесті бірнеше заңды тұлғаларға бөлу әдісі қолданылуда. Мысалы, бір мекемеде бар, асхана және караоке жеке компания ретінде тіркелген немесе қонақ үйдің әр қабаты әртүрлі жеке кәсіпкерге тиесілі. Олардың бірінің табысы 78 млн теңге шегіне жеткенде, қызметі тоқтатылады, ал оның орнына басқа заңды тұлға келіп, бұл ҚҚС төлеуден жалтаруға мүмкіндік береді.

«Еңбекақы қорына түсетін жүктемені азайту үшін кәсіпорын қызметкерлері штаттан шығарылып, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бұрынғы жұмыс берушіге жұмысшы ретінде емес, жеке тұлға ретінде қызмет көрсетеді. Тиісінше, еңбекақы төлеу қорына түсетін салық төлемдері азайып, жұмыс берушіден әлеуметтік жауапкершілік алынып тасталады, одан әрі оны кәсіпкер өз мойнына алады», — деді Мәди Такиев.

Осыған байланысты ҚР Қаржы министрлігі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру мақсатында бөлшектеуге қарсы күрес бойынша бірқатар шара ұсынады:

  • бизнестің бөлшектенуінің заңнамалық критерийін енгізу; 

  • салық дауларында нысаннан мәннің басым болу қағидатын енгізу; 

  • мұндай фактілерді бақылау және дәлелдеу әдістерін енгізу;

  • жеке кәсіпкерлер үшін қызмет түрлерін шектеу.

«Қаржы министрінің ақпаратынан салық жүктемесін оңтайландырудың әртүрлі схемаларын қолдана отырып, міндетін адал атқармайтын кәсіпкерлердің барын көріп отырмыз. Миллиардтаған айналыммен олар бюджетке өздерінің тапқан пайдасына мүлдем сәйкес келмейтін сомаларды төлейді. Бізде осындай ірі компаниялардың толық тізімі бар. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниялары жүр. Экономиканың басқа салаларында жұмыс істейтін белгілі әрі танымал мейрамханалар, фитнес-клубтар және әртүрлі компаниялар бар.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен қазір салық жүктемесін оңтайландырудың түрлі схемаларын қолданатын ірі компаниялардың иелері мен басшыларына қарата айтқым келеді. Бүгін-ертең сіздердің компанияларыңызға салық органдарынан қосымша салық сомаларын төлеу қажеттілігі туралы хабарламалар келіп түседі. Баршадан екі апта ішінде салық органдарына қосымша салық декларацияларын тапсыруды және әділетті салық сомасын төлеуді сұраймын.

Егер бұл әрекеттер жасалмаса, онда мемлекет фискалдық және құқық қорғау органдарын қосқанда, мемлекет иелігіндегі барлық ресурстарды қолдану құқығын өзіне қалдырады.

Талап қатаң болады, бірақ егер бизнес мемлекет алдындағы міндеттемесін әділетті түрде орындаса, біз диалог құруға дайынбыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.