Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Алғыс айту күнімен құттықтап, өзі де халқына деген алғысын білдірді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Orda.kz-ке сілтеме жасап.
Президент бұл мереке өзара сыйластық, ынтымақ пен бір-біріне деген құрметті бейнелейтінін атап өтті.
«Баршаңызды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл жарқын мереке азаматтарымыздың бір-біріне деген ризашылығы мен тілектестігінің, шынайы құрметінің символы саналады.
Халқымыз ғасырлар бойы берекелі бірлігі мен туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында ең күрделі сынақтар мен қатерлерді еңсере білді. Осы іргелі құндылықтар жалпыұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды».
Құттықтауында республика басшысы биылғы жыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аталып өтілетінін және бүгін ел алдында жүйелі және кешенді реформаларды жүзеге асыру бойынша ауқымды міндеттер тұрғанын қосты. Барлық азаматтардың ел тағдыры үшін жауапкершілігін сезінуі маңызды.
«Қазір біздің алдымызда жүйелі әрі ауқымды реформаларды жүзеге асыру міндеті тұр. Осы орайда, әр азаматтың ел тағдырына жауапты екенін толық сезіне білуі маңызды. Біз жұдырықтай жұмыла білсек қана, үйлесімді және әділетті қоғам құру жолында жетістікке жетеміз.
Туған елдің игілігі үшін адал әрі тынымсыз еңбек етіп жүрген барша отандастарыма алғыс айтамын.
Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!»