Мысыр жағалауында туристер мінген батискаф суға батып кетті: Қаза тапқандар бар

Фото: mogilev.online

Қызыл теңізде, Мысырдың жағалауында, "Синдбад" атты серуендік батискаф суға батып, кем дегенде 6 адам қаза тапты, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Хургада айлағынан бейсенбі күні таңертең шыққан кеме жергілікті маржан рифтеріне суасты экскурсиясына бара жатқан. Жағалаудан бір шақырым қашықтықта белгісіз себептермен апат болып, батискаф суға кетті.

Ресейдің Бас консулдығының хабарлауынша, бортта 45 турист болған, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Барлық жолаушылар – Ресей азаматтары, олар Мысырға "Библио-Глобус" туристік компаниясының жолдамасымен келген. БАҚ олардың тізімін жариялады. Ең жас жолаушы – 3 жаста, ең үлкені – 62 жаста. Тізімге қарағанда, олардың арасында көптеген отбасы бар.

Қызыл теңіз провинциясының губернаторы Амр Ханафи алты ресейлік туристің қаза тапқанын растады. Қалған жолаушылар құтқарылды, бірақ 29 адам ауруханаға жатқызылды. Олардың арасында бірнеше бала бар.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес трагедияның себебі капитанның қателігінен кеменің рифке соқтығысуы болуы мүмкін. Кейбір ресейлік басылымдардың куәгерлерге сілтеме жасап хабарлауынша, кеме айлақтан алыстап үлгермей, барлық жолаушы бортқа шықпаған кезде-ақ суға батуды бастаған. Сонымен қатар жолға шығар алдында ешқандай нұсқаулық жүргізілмегені туралы да ақпарат бар.

25 метрлік "Синдбад" батискафы бірнеше жыл бойы суасты экскурсияларына пайдаланылып келген. Ол 25 метр тереңдікке дейін түсе алады. Бұл Қызыл теңізде серуендік қайықтардың қатысуымен болған алғашқы оқиға емес. Өткен жылдың қарашасында "Sea Story" туристік кемесі апатқа ұшырап, 11 адам қаза тапқан немесе із-түзсіз жоғалған, ал 35 адам аман қалған еді.

Айта кетейік, Қазақстанның сыртқы істер министрлігінен қаза тапқан немесе зардап шеккен азаматтар бары туралы сауал жібердік.