Бүгін Талдықорғанда Шерзат Болаттың соты өтеді

Фото: BAQ.KZ

Ашық сот түскі сағат 12:00-де басталады. Қаладағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот бөлімінде өтеді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Қазірдің өзінде 50-ге жуық журналист сотқа қатысуға сұраныс білдірген. Сот залы шағын болғандықтан онлайн көру мүмкіндігі болады.

Жантүршігерлік оқиға Талғар қаласында болғанымен, алғашқы сот процесі Жетісу жерінде өтпек. Жоғарғы сот өкілдері, отырыстың Талдықорғанда өтуіне себебін: айыпталған 9 адам осы қаладағы тергеу изоляторында уақытша қамауда деп түсіндірді.

Құқық қорғаушы Мейірман Шекеевтің сөзіне сүйенсек, сот жиыны БАҚ өкілдеріне ашық өткенімен, атышулы Қуандық Бишімбаевтың ісі секілді онлайн трансляция қарастырылмаған. Себебі қоғам арасында үлкен дау тууы мүмкін әрі айыптаушылардың құқығын ескерген абзал.

Сот отырысы Талдықорғанда өтеді, өйткені айыпталушылардың басым бөлігі сол жақта тұрады. Істі Алматы облыстық соты қарайды. Алдағы уақытта сот тыңдаулары Қаскелеңде өтуі мүмкін. Қазіргі тыңдау — алдын ала кезең ретінде қарастыралы, - дейді Мейірман Шекеев.

Шерзат Болаттың отбасының заңды мүддесін Мейірман Шекеев жетекшілік ететін алты қорғаушы қорғайтын болады. Олар – Жандос Палманов, Әлім Мұстафаев, Дина Досаева, Нұрболат Ібраев, Бақдат Амандосұлы және Бекзат Мязов. Бүгінде істі Бишімбаевтың соты сияқты жалпыхалыққа түсіндіре отырып, өтуін сұрап отырғандар көп. Олардың ішінде айыптаушыларға жеңіл жаза беріле ме деген пікір де жүр.

Ел ішінде Бишімбаев соты көпті ойландырды. Заңның қуатын сезінді, бұл оқиға да халыққа сондай әсер береді. Жастардың өз қателігінен сабақ алуға мәжбүрлейді. Адамды азаптап өлтірудің жазасы ауыр екенін сезіндіреді, - дейді қала тұрғыны Лаура Сарқынбаева.

Еске салсақ, 2024 жылдың 4 қазанында Талғарда жасөспірім қатыгездікпен өлтірілді. Белгілі болғандай, 16 жастағы Шерзат Болат әкесіне дүкенде көмектесіп жүрген кезде агрессивті сатып алушымен жанжал басталған. Сатып алушы таныстарына хабарласып, олар келіп, Шерзатты, оның әкесін және ағасын пышақ және мылтық қолданып, соққыға жыққан.

Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Саденов бұл істі бақылауға алды. Талғарға ІІМ-нің арнайы тобы жіберілді. 

Алматы облыстық прокуратурасының мәліметінше, қылмысқа күдікті 10 адам ұсталып, сот оларды екі айға қамауға алды.

Шерзат Болаттың отбасына күзет қамтамасыз етілді. Кейінірек Шерзат Болаттың отбасы тұрған үй өртеніп кетті. Бас прокуратура үйді өртегендерді табуға уәде берді.

9 желтоқсанда Шерзат Болаттың ағасының денесі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ол өзіне қол жұмсаған және хат қалдырған. 11 желтоқсанда Шерзат Болаттың әкесі 15 тәулікке қамауға алынды.

Бұған дейін интернетте "Қамажай" дүкенінде болған жанжалдың видеосы таралған еді. Бейнежазбалар дүкеннің ішіндегі және сыртындағы бақылау камераларынан түсірілген.