Қазақстанда теміржол вокзалдарын жаппай қайта жаңарту басталды

Фото: 2gis

Биыл Қазақстанда 125 теміржол вокзалы жаңартылмақ. Өткен ғасырда салынған ескі ғимараттар заманауи стандарттарға сай қайта жаңғыртылып, жабдықталады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

Өткен жылы елордалық теміржол терминалы 2 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсетті. Мұнда қажеттінің бәрін табуға болады, десе де ғимарат жаңартуды қажет етеді. Реконструкция жобасында осының барлығын ескерілген.

“Ғимараттың сыртын қаланың сәулеттік стиліне сай жаңартылып, ішкі бөлмелер мен инженерлік желілер де модернизацияланады. Сонымен қатаркүту залдарына Wi-Fi сымсыз интернеті орнатылады”, – деді "Астана-1" вокзалының басшысы Саят Мұқашев. 

Бұл аймақтар жолаушылар ағынын ескере отырып қайта жоспарланады. Өртке қарсы, лаңкестікке қарсы және санитарлық қауіпсіздік қарастырылған. 

Тек Астана вокзалы ғана емес, Шығыс Қазақстан мен Абай облысындағы 15 теміржол станциялары да жаңартылады. Жөндеу жұмыстарынан өтетін теміржол вокзалдарының қатарында салынғанына 87 жыл болған “Өскемен-1” теміржол вокзалы бар. Нысан күрделі жөндеуден өтеді.

“Негізгі және қосалқы перрондарда ауқымды өзгерістер болады. Қосымша перронға апаратын жабық өткел салынады. Жаңарту жұмыстары кезінде XXI ғасыр технологиялары орнатылады. Заманауи тамақтану орындары, жаңа сақтау камералары мен демалыс бөлмелері салынады”, – дейді "Қазақстан Темір Жолы" ҰК" АҚ "Магистральдық желі дирекциясы" филиалының "Семей бөлімшесі" директорының орынбасары Нұрлан Әзімханов.

Бұдан бөлек, ана мен бала бөлмелері жабдықталып, ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін көрсетілетін қызмет түрлері кеңейтіледі. Елдегі 125 вокзалға қатысты қайта жаңарту жұмыстарын жыл соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.