Жамбыл облысындағы Мерке ауылында жанармай құю бекетінде мотоцикл тізгіндеген азаматқа шабуыл жасалды. Жәбірленушінің адвокаты Закир Асадов оқиғаға қатысты маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
"Қорғауымдағы азамат Ресей Федерациясының азаматы Александр Ярцев. Ол досымен бірге Алматыға қарай жол жүріп келе жатқан. Жолда олар жанармай құю бекетіне тоқтап, жанармай үшін кассаға барып, төлем жасаған. Осыдан кейін Ярцев мотоцикліне қарай бет алған. Сол сәтте, бейнежазбадан көріп отырғандарыңыздай, шабуыл жасаған адам оның артынан еріп келіп, бір нәрселер айтып бастайды. Бірақ Ярцев ол кезде шлемде болған, шлемнің ішіндегі гарнитура арқылы музыка тыңдап келе жатқандықтан, не айтқанын естімеген. Ол тек басын изеп, "Не?" деп сұрайды. Сол сәтте шабуылдаушы қалтасынан, болжам бойынша пышақ шығарып, арқа мен іш тұсына екі рет соққы жасаған. Ярцев қашып құтылып үлгерген", – деді адвокат.
Адвокаттың айтуынша, сол кезде шабуыл жасаған адам Ярцевтің досына қарай бұрылып, оған да пышақ жарақатын салмақ болған. Бірақ ол да қашып құтылған. Бұдан кейін шабуылдаушының туыстары оны көлікке отырғызып, оқиға орнынан алып кеткен.
"Сол сәтте қорғауымдағы азаматтың күші таусылып, жанармай бекетінің аумағындағы шөптің арасына құлап түседі. Сол жерден оны жедел жәрдем алып кетіп, жақын маңдағы аудандық ауруханаға жеткізді", – деді Закир Асадов.
Адвокаттың айтуынша, осы аудандық ауруханаға шабуылдаушының туыстары келіп, Ярцевке қысым көрсетіп, "ешқандай шағымым жоқ" деген мазмұнда арыз жазуға үгіттеген.
"Осылайша нашар медициналық көмек пен туыстар тарапынан болған қысым Ярцевті Меркеден Алматыға кетуге мәжбүрледі. Қазір ол сол жердегі жедел жәрдем ауруханасында ем қабылдап жатыр", – деді адвокат.
Адвокат ішкі істер министріне Алматыдағы медициналық мекемеде жатқан қорғауындағы азаматқа тәулік бойы күзет ұйымдастыруды сұрап жүгінді. Ол күдіктінің туыстарынан қауіптенетінін айтып, қорғауындағы азаматтың өміріне алаңдайтынын жеткізді. Сонымен қатар, адвокат Жамбыл облысы Меркі аудандық полиция бөлімінен қылмыстық істің материалдарын тәркілеп, бұл істі Жамбыл облысынан өзге кез келген өңірге беруді сұрады.
"Шабуыл жасаған адамның барлық туыстары осы облыста тұрады және олар тергеуге ықпал етуі мүмкін", – деді адвокат Асадов.
Адвокат қылмыстық істі бұзақылық бабынан адам өлтіруге оқталу бабына қайта саралауды талап етті. Адвокаттың өтінішінен кейін ішкі істер министрлігі түсініктеме беріп, қылмыстық істің саралануы тергеу амалдарынан кейін және қадағалаушы органмен келісілген соң қаралатынын мәлімдеді. Сонымен қатар жәбірленушіге полиция қызметкерлері тарапынан күзет қамтамасыз етілгенін хабарлады.
"Күдікті оқиға болғаннан кейін бірден ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды. Бұл факті бойынша Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі (Пышақ қолданылған бұзақылық) бойынша іс қозғалды. Бұл бап 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Қылмыстық іс Жамбыл облысы полиция департаментінің тергеу басқармасына тапсырылды, арнайы тергеу-жедел тобы құрылды", – делінген министрлік хабарламасында.
Сонымен қатар, тергеу-жедел тобының жұмысын үйлестіру үшін оқиға орнына ІІМ орталық аппаратының қызметкерлері жіберілген. Істің жан-жақты және толық тергелуі қамтамасыз етілетіні, тергеу барысы ішкі істер министрінің ерекше бақылауында екені атап өтілді.