Астана – Ақтау бағытындағы ұшақта жолаушы жолсерікті соққыға жықты

Фото: SCAT Airlines

Scat әуе компаниясының Астана – Ақтау бағытындағы рейсі кезінде жолаушы бортсерікке соққыға жықты, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Ұшақтағы жанжалдың қалай болғанын сондағы куәгерлердің бірі баяндады. Әуе компаниясының қызметкері мен жолаушы арасындағы дау 20 сәуір күні сағат 00:05-те ұшақ межелі жерге қонған кезде басталған. Ер адам салонда өзінің ұялы телефонын ұмытып кетіп, гаджеті ұшақтан шыға берісте есіне түскен. Қайтадан салонға барып, телефонын алмақ болғанда оны жолсерік жолаушылардың түсіп жатқанын ескертіп, ер адамды тоқтатқан. Алайда ол қызметкердің ескертуін елеместен телефонын алуға ұмтылды. Сөйтіп жолсерік телефонды өзі әкеліп беретінін айтқанда жолаушы оның соңынан жетіп, бетінен қатты соққы жасады.

“Ұшу кезінде ер адам ешкімге кедергі келтірмеді. Мұндайды күтпедік, оның іс-әрекетіне ашулымыз. Абырой болғанда, жолсерік мықты ер адам екен, қыз болғанда не болар еді?! Жолаушы бірнеше рет жұдырық сілтеді, өзі де ірі адам екен. Жанжал болған жерде мүгедектігі бар әйел, басқа да адамдар отырды. Біреуі зардап шегуі мүмкін еді. Мұндай әрекетке қатаң жаза қолдану қажет, себебі физикалық күш көрсетуге мүлде жол беруге болмайды”, – деді куәгер.

Оның айтуынша, оқиға орнына полиция келді. Жанжалды бастаған ер адамды әуежайдан күтіп алған туысы да оны жақтап шыққан. Екеуі де өз кінәсін мойындаудан бас тартты. Десе де куәгерлер жолаушының жанжал бастағанын растады.

Болған жағдайға қатысты полиция департаменті пікір білдірді.

"Аталған факт Маңғыстау станциясындағы Линейлік полиция бөлімінде тіркелді. Құқық бұзушы ұсталды. Қазір тексеру жүргізіліп. Тексеру нәтижелері бойынша жанжалға қатысушылардың барлығына құқықтық баға берілетін болады" – деп хабарлады полиция департаменті.