Чемпиондар лигасы: Бүгін «Арсенал» мен «Пари Сен-Жермен» кездеседі

Сурет: Чемпионат

Бүгін UEFA Чемпиондар лигасы жартылай финалының алғашқы ойыны өтеді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

Аталған кездесуде «Арсенал» (Англия) мен «Пари Сен-Жермен» (Франция) шеберлік байқасады.

Ойын Қазақстан уақытымен 23:50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Екі команда бұған дейін төрт мәрте кездесті. Оның екеуінде англиялық клуб жеңіске жетсе, қалғанында тең нәтиже тіркелді. 

2024 жылдың 1 қазанында Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің екінші турында «Арсенал» аталған қарсыласынан 2:0 есебімен басым түскен еді. 

Бүгінгі ойында англиялық клуб сапында бес футболшы жарақатына байланысты алаңға шыға алмайды. Олардың қатарында Габриэл Жезус, Тахэхиро Томиясу, Кай Хаверц, Габриэл Магаляйнс, Риккардо Калафьори бар.

Сондай-ақ, бұдан бұрынғы ойындарда тәртіп бұзуына байланысты Томас Парти бүгін англиялық клубқа көмектесе алмайды.

Ал, «Пари Сен-Жермен» сапында барлық футболшылар алдағы ойынға толық дайын. 

Жарыстың аталған кезеңінде ертең, 30 сәуірде «Интер» (Италия) мен «Барселона» (Испания) шеберлік байқасады.