Азия чемпионатында қазақстандық 31 боксшы финалға шықты

Сурет: pixabay.com

Иордания астанасы Амман қаласында 15 және 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында финалға шыққан барлық боксшы анықталды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

World Boxing аясында алғаш рет өтіп жатқан құрлықтық додада еліміздің атынан 31 спортшы бас жүлдеге таласатын болды. 

Бұл - жарыстың барлық қатысушылары арасындағы ең үздік көрсеткіш. Екінші орындағы Өзбекстан құрамасында 30 боксшы финалға шыққан. Одан кейінгі орындарда Үндістан (21 боксшы), Украина (12 боксшы), Иран (6 боксшы) және Иордания (4 боксшы) тұр. 

Құрлықтық дода 1 мамыр күні мәресіне жетеді.

Айта кетсек, World Boxing ұйымы 2025 жылы бокстан барлық жас санаты бойынша Азия чемпионатын өткізу күндерін нақтылады. Енді 19-22 жас аралығындағы боксшылар 20 шілде-3 тамыз аралығында шеберлік байқасады. 

Ал, ересектер арасындағы Азия чемпионаты 1-15 қазан аралығында болады.