Әбиба Әбужақынова Тәжікстанда өтетін Grand Slam жарысына қатысады

Сурет: ҰОК

Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында 2-4 мамыр аралығында өтетін Grand Slam жарысына қатысатын қазақстандық спортшылар анықталды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

Дүбірлі додада әйелдер арасында Әбиба Әбужақынова (48 келі) сынға түседі. 2022, 2024 жылдары әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған ол Париж олимпиадасынан кейін алғаш рет сайысқа қатысуға мүмкіндік алды.

Бұл жарыста ерлер құрамасында бапкерлер негізінен жастарға сенім артып отыр. Олардың қатарында Алдияр Қарғұлов (60 келі), Нұрмұхамет Ботабай (66 келі), Аңсарбек Ғайнуллин (73 келі), Ықылас Әлсейіт (73 келі), Досхан Жолжақынов (81 келі), Ермұхан Естай (100 келі), Мұхаммедәли Мавлидов (100 келі) бар.

Еске салсақ, жақында Таиланд астанасы Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы төрт қола медаль алды.

Ел құрамасынан Ғалия Тынбаева (48 келі), Шерзод Давлатов (60 келі) және Бақыт Құсақбаева (57 келі), Максим Мейірлан (90 келі) үздік үштіктен көрінді.