Қарағанды облысында 52 колледж жұмыс істейді. Жаңа оқу жылына 92 мамандық бойынша студенттер қабылдау жоспарланып отыр. Грантқа 9250 талапкер үміткер бола алады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова колледждерге түсу науқаны туралы айтып берді.
– Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында оқуға мемлекеттік білім беру тапсырысы 9250 орынды құрайды, Мемлекеттік тапсырыс бойынша күндізгі оқу нысанына құжаттарды қабылдау 25 маусымнан 18 тамызға дейін жүргізіледі. Ақылы оқуға құжаттар қабылдау 25 маусымда басталып, 25 тамызға дейін жалғасады. Кешкі және сырттай оқу нысанына құжаттарды 25 маусымнан 20 қыркүйекке дейін тапсыруға болады, – деп хабарлады Гүлбақыт Жүнісова.
Шығармашылық мамандықтарға құжаттар 25 маусымнан 20 шілдеге дейін, педагогикалық және медициналық мамандықтарға 25 маусымнан 15 тамызға дейін қабылданады.
Өтінішті https://egov.kz/ электрондық үкімет порталы арқылы, «Білім беру» бөлімінде немесе таңдалған колледждің қабылдау комиссиясына тапсыруға болады.
Талапкерлер төрт мамандық таңдап, төрт колледж көрсетуге құқылы.
– Жұмысшы мамандықтарына қабылдау әңгімелесу қорытындысы бойынша, орта буын және қолданбалы бакалавриат мамандықтарына қабылдау аттестаттың орташа балы бойынша конкурстық негізде жүргізіледі. Шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандықтар үшін арнайы емтихандар қарастырылған, – деп түсіндірді спикер.
Ресми түрде оқу жылы 23 мамырда аяқталады. Тоғызыншы сынып оқушылары 29 мамыр мен 10 маусым аралығында, 11 сынып оқушылары 30 мамыр мен 16 маусым аралығында емтихан тапсырады. Жалпы орта білім туралы аттестаттарды тапсыру 18-20 маусым аралығына жоспарланған.
Биыл тоғызыншы сыныпты 16 745 оқушы аяқтайды, олардың бір бөлігі білімін мектепте жалғастырады, ал бір бөлігі колледждерге түседі. 11 сынып түлектері – 8267.
Жоғары оқу орындарына түсуге келетін болсақ, ҰБТ-ның негізгі кезеңіне 7445 түлек өтініш берді. Тестілеу 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді, облыста үш өңірлік тестілеу орталығы бар: екеуі Қарағандыда және біреуі Балқашта. Әрбір қатысушы тестілеуден екі мәрте өтуге құқылы, ең үздік нәтиже білім беру гранты конкурсында ескерілетін болады.