КИМЭП унивеситетінің түлегі Ақнәр Гүлстан қаза болған күні бір пәтерде болған екінші құрбысы Рана мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Рана Ақнәр және Дидармен соңғы үш жыл бойы құрбы болғанын айтты. Қыздар КИМЭП университетінде танысып, барлығы Қытайдан келген.
Ақнәрдің құрбысы Рананың нұсқасы бойынша
Рананың айтуынша, сол күні кешке Ақнәр мен Дидар оны кафеге шақырған. Кафеден кейін олар кешті жалғастыру үшін Дидардың пәтеріне барған. Олар алкоголь сатып алған.
"Сыра, шампань және корей сусынын алдық. Ақнәрдің өзі ішімдік сатып алуды ұсынды. Емделіп жүрген соң аз ғана шампань ішіп, сосын билеп, күлдік", – дейді қыз.
Рананың сөзінше, кейіннен Ақнәр оғаш қылықтар жасай бастаған.
"Залда отырып, Дидармен сөйлесіп отырдық. Бір кезде Ақнар орнынан атып тұрып айқайлады. Оның көздері қызарып кетті. Біз оған жүгірдік. Ол мені еденге құлатып ұра бастады. Ал Дидарды шапалақпен ұрды. Қатты айқайлады, оны тыныштандырдық. Ақнәр өз-өзіне қол жұмсамақ болды, оны ұстап тұрдық. Содан ол қайтыс болған анамды, туыстарымды балағаттай бастады. Кейін сүре оқыды. Ол жын кіріп кеткендей күйде болды. Оған не болғанын түсінбедік", – дейді Рана.
Рананың айтуынша, сол сәтте Дидар есімді құрбысы, марқұмның ағасына дауыс жазбасын жіберген. Онда Ақнәр олардың құрбысын ұрып-соғып жатқаны айтылған.
“Бір кезде ол маған тағы да шабуылдап, еденге құлатты. Шашымнан ұстап, басымды еденге ұрып, бетімді тістей бастады. Мен қатты айғайладым. Осы кезде Дидар дәретханаға жүгіріп кіріп, ағасына мені ұрып жатыр, өлтіруі мүмкін деп аудио хабарлама жіберген. Қызы мені ұрып-соққанына қарамастан Ақнәрдің анасы сол аудионы бүкіл жерде көрсетіп жүр. Бір кезде ол мені жіберді, одан қашып, дәретханаға тығылдым”, – дейді Рана.
Қыздың айтуынша, бірнеше минуттан кейін, Дидар әжетхананың есігін қаққан.
"Дидар Ақнәрдың қайда екенін сұрады. Біз оны іздедік. Ол ас үйде де, қонақ бөлмеде де жоқ. Бір уақытта полиция есік қақты. Олар біздің пәтерден бір қыз құлап кеткенін айтты. Мен жылай бастадым. Сосын олар бізді полиция бөлімшесіне апарып, жауап алды", – деді Рана.
Ақнәрдің құрбысы Рана ақпан айында марқұммен осындай оқиға жатақханада болғанын айтты. Мұны Ақнәр тұратын жатақхана директоры да растауы мүмкін дейді ол.
“Ақнәр терезеден секірмек болған кезде оны бес жігіт ұстап қалды. Осыдан кейін оны жатақханадан шығарып жіберді. Бұл 2024 жылдың ақпан айында болды. Оны жедел жәрдем алып кетіп, полиция келді. 2024 жылдың сәуір айында ол Дидардың пәтерінде терезеден секіргісі келді. Оны Дидардың інісі ұстап қалды", –делінген хабарламада.
Ақнәрдің екінші құрбысы Дидардың нұсқасы
Бұған дейін Ақнәрдің екінші құрбысы өз нұсқасын айтты. Оның адвокаты Жандос Палманов сол кештегі видеоны көрсетті. Бұл Рананың нұсқасына сәйкес келеді. Кадрларда қыздар жайылған дастарханда отырып, ән айтып, би билеп, көңіл көтереді. Алайда, кейін атмосфера күрт өзгерген. Ақнәр жерде жатып жылап жатыр. Камера оның көз жасын, беті мен басын, жұлынған шашын анық көрсетеді.
Адвокат Палмановтың айтуынша, кештен соң Ақнәр өзін біртүрлі ұстай бастаған.
"Ол қандай да бір эмоционалдық тұрақсыздықты бастан өткерді. Ол жылап, шашын жұлып, басын қабырғаға ұрады. Дидар оны тыныштандыра бастады. Дидардың айтуынша, марқұм жігітімен ренжісіп, ол басқаға кетіп қалған. Ол барып, жағдайды реттегісі келген. Қыздар оны тыныштандыруға тырысқан. Қызды тыныштандыру әрекеті сәтсіз аяқталған соң Дидар жуынатын бөлмеге кеткен. Ал оның құрбысы Ақнәрмен бірге қалған. Бір кезде қыздар арасында жанжал шығып, кейін төбелеске ұласқан. Марқұм терезеден құлаған сәтте менің қорғауымдағы адам жуынатын бөлмеде болған", – дейді адвокат Жандос Палманов.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда терезеден құлап қаза тапқан 22 жастағы қыздың анасы әділдіксұрағанын жазған едік. Марқұм Ақнәр Қамитованың анасының айтуынша, қызы өздігінен құлаған жоқ. Оны екі құрбысы тырнағы мен саусағын жұлып, азаптап өлтірген. Кейіннен Ақнәр Гүлстанныңөліміне қатысты тағы бір нұсқа айтылып, оның жігітімен жанжалдасқаны жеткізілген.