Тауда адасқан бес қыз аман табылды

Фото: gov.kz

Оқыс оқиға Төлеби ауданында орын алған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері тауда адасқан 5 қызды құтқарды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Aikyn.kz-ке сілтеме жасап.

Түркістан облысы ТЖД-нің 112 пультіне Төлеби ауданындағы "Сайрамсу" шыңынан түскен кезде 5 кәмелетке толған бойжеткеннен тұратын топ адасқаны туралы ақпарат келіп түскен.

Құтқарушылар 60 км қашықтықты жүріп өтіп, Қасқасу ауылынан 8 км қашықтықта өтініш берушілерді тауып, оларды таудан Сайрам-Өгем ұлттық паркінің аумағына аман-есен түсірді. Медициналық көмекті қажет етпеген туристер құтқарушыларға алғыс білдірді.

Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шыққан кезде маршрутыңызды зерттеп, жақындарыңызға хабарлап, ауа райы болжамын тексеріп, байланыс құралдарын өзіңізбен бірге алудың қажеттігін еске салады.