Қарағанды облысы моноқалаларды дамыту тәжірибесімен бөлісті

Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан

Қарағанды облысында Премьер-министрдің тапсырмасымен моноқалаларды дамыту бойынша республикалық семинар-кеңес өтуде. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 20 әкім, сондай-ақ бірқатар мемлекеттік органдардың вице-министрлері қатысады. Саран кейсі Қазақстанның барлық өңірлерінің назарын аударды, ол индустриялық аймақты құрудың арқасында моноқалалар қатарынан шығып, қазір өнеркәсіптік қуатын сенімді түрде арттырып келеді. Жаңа зауыттарда қазірдің өзінде екі мыңнан астам жұмыс орны ашылды, алдағы жобалар 3,5 мыңға жуық жұмыс орнын қамтамасыз етеді. Қаланың өзі де өзгеруде: инфрақұрылым жаңартылып, тұрғын үй салынып жатыр.

Өңір табысты тәжірибесімен бөліседі. Қатысушылар сондай-ақ моноқалаларды тұрақты дамыту үшін жол картасын қалыптастыру, табысты шетелдік кейстерді талқылады. Ел Президентінің моноқалалар экономикасын әртараптандыру, цифрландыруды енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындауға ерекше назар аударылды.

-  Мемлекет басшысы жаңа тәсілдерді іздеу және моноқалаларда өсудің жаңа нүктелерін дамыту міндетін қойды. Үкіметтің қолдауымен Саран индустриалды аймағы құрылды, бұл қала экономикасын әртараптандыруға септігін тигізді, - деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев. - Бүгінде Саран - бұл моноқалалар емес, Қарағандының халық саны өсіп келе жатқан, тұрғын үйге сұранысы ұлғайған, заманауи инфрақұрылымы, жаңа әлеуметтік энергиясы бар өнеркәсіптік серіктесі.

Қарағанды облысы - ең урбанизацияланған өңір және моноқалаларды дамыту өзектілігін жоғалтпаған. Өңірде мұндай төрт қала бар: Теміртау, Шахтинск, Абай және Балқаш, онда 340 мыңға жуық адам немесе өңір халқының үштен бірі тұрады. Моноқалалардың үлесіне облыстың өнеркәсіп өндірісінің жартысына жуығы тиесілі.

Ермағанбет Бөлекпаев бірнеше негізгі бағыттарды атады: Қарағанды агломерациясы, өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту, Балқаш маңындағы туризмді дамыту.

90-шы жылдардың күйреуінен бастап қазіргі экономикалық табыстарға дейінгі егжей-тегжейлі экскурсты Саран әкімі Дарын Бұлқайыр жасады.

Оның айтуынша, 2019 жылдан 2024 жылға дейін өнеркәсіп көлемі қалада 5,6 есеге өсті, ал өңдеу секторының үлесі 92%-ға жетті. Ірі өндірістердің іске қосылуы шағын және орта бизнестің дамуына әсер етті. Нәтижесінде бюджетке салық түсімдері үш есеге ұлғайды.

Тұрақты жұмыс тек жергілікті тұрғындар үшін ғана қамтылып қоймай, енді Саранға жұмыс іздегендер басқа қалалардан да келіп жатыр. Сондықтан тұрғын үйге деген сұраныс жоғарылады - қалада иесіз қалған бос 22 көпқабатты үй бюджет қаражатына да, жеке инвестициялар есебінен де қалпына келтірілді.

-  2023 жылдың қарашасында Саранды моноқалалар тізімінен шығару - жай ғана формальдылық емес. Бұл біздің қаламыздың тұрақты және ең бастысы - әлеуетті болғанын мойындау. Биыл өңдеуші өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 208 млрд теңгені құрап, шамамен 4%-ға өседі деп күтілуде. 76 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Қаланың табысы өседі, бұл қосымша қаражатты инфрақұрылымды, тұрғын үй жағдайын және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағыттауға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Дарын Бұлқайыр.

Белгілі болғандай, моноқаланың өлшемшарттары: жалпы экономиканың қала құраушы кәсіпорынға тәуелділігі - оларға барлық өнеркәсіптік көлемнің 20%-дан астамы тиесілі және қала халқының 20%-дан астамы еңбек етеді.

-  Бұрын моноқалалар 27 болса, қазір 20 болды. Сарань солардың қатарынан шықты, себебі экономика әртараптандырылған. Бұл дегеніңіз көптеген ірі өндірістер, түрлі бағыттар және әлемдік бағалардың құбылмалылығына тәуелділік жоқ дегенді білдіреді, - деп атап өтті Экономикалық зерттеулер институты басқарма төрағасының орынбасары Қайсар Нығметов. - Моноқалаларда ортақ проблемалар бар: инфрақұрылымды дамыту қажеттілігі, экономиканың шикізат өндіруге тәуелділігі. Өз алаңын ашып, тәжірибесімен бөліскені үшін Қарағанды облысына алғыс айтамыз. Біз моноқалаларға талдау жасап, трансформациялау шараларын ұсынып отырмыз.

ҚР сандық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун қаланы басқарудағы ақылды технологиялар мен сандық шешімдерді таныстырды. Оның айтуынша, өңірлерде 14 Smart City жобасы іске асырылды.

Сондай-ақ халықаралық сарапшылар да сөз сөйледі.

Одан кейін семинар-кеңеске қатысушылар Саранның бірқатар өнеркәсіптік және әлеуметтік нысандарын аралады.