Қазақмыс Қарағанды облысында төрт ірі әлеуметтік жобаны қаржыландырады

Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан

«Қазақмыс» корпорациясы Қарағанды облысында әлеуметтік саланы дамытуға қолдау көрсетеді. Бұл туралы облыс әкімдігімен уағдаластыққа қол жеткізілді - өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевпен кездесуінің қорытындысы бойынша жалпы сомасы 20 млрд теңге болатын келісімге қол қойылды. Қаражат Балқаш пен Қарқаралыдағы төрт ірі әлеуметтік маңызды жобаға бағытталады.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС орнықты даму және коммуникациялар жөніндегі басқарушы директоры Сәкен Шаяхметов хабарлағандай, Балқашта дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен балабақша салынады, сондай-ақ Хамзин атындағы Мәдениет сарайы қайта жаңғыртылады. Қарқаралыда Балалар мен жасөспірімдер сарайының құрылысы жоспарланған.

Қазақмыс пен әкімдік осы жобаларды жүзеге асыру бойынша жол картасына қол қойды. Ол жаңа әлеуметтік нысандарға жер телімдерін таңдаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды.

Ермағанбет Бөлекпаев нақты міндеттер қойды. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде бассейні, үстел теннисіне арналған залы қарастырылуы керек және мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді болуы тиіс. Облыс әкімі Хамзин атындағы Мәдениет сарайын қайта жөндеу жобасын дайындап, оны қала жұртшылығымен талқылауды тапсырды. Бұл ретте нысанның тарихи келбетін сақтау маңызды. Сондай-ақ, білім беру инфрақұрылымын жақсарту үшін Балқашта жаңа мектептің жанында балабақша салуды жоспарлау қажет. Келісім аясындағы барлық жобалар 2027 жылдың соңына дейін аяқталады.