Алматылық "Қайраттың" шабуылшысы Дастан Сатпаев Чемпиондар лигасында гол соққан ең жас қазақстандық футболшы атанды, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Команда бірінші іріктеу кезеңінде Словения чемпионы – Любляналық "Олимпиямен" кездесіп, сырт алаңда 1:1 есебімен тең түсті. Ойынның 59-минутында Сатпаев есеп ашып, өзінің еурокубоктағы алғашқы голын соқты.
Матч Словения астанасы Люблянадағы "Стожице" стадионында өтті. Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін Жоржиньоның нәтижелі пасынан кейін Дастан қарсылас қақпасын дәл көздеді. Алайда араға жеті минут салып, "Олимпия" ойыншысы Диогу Пинту таразы басын теңестірді.
Бұл гол жас ойыншы үшін ғана емес, жалпы Қазақстан футболы үшін тарихи сәт болды. Ол Чемпиондар лигасында доп соққан ең жас қазақстандық ойыншы ретінде рекорд орнатты. "Қайраттың" бас бапкері Рафаэль Уразбахтин оған негізгі құрамнан орын беріп, Сатпаев бұл сенімді толық ақтады.
Айта кетейік, "Қайрат" төрт жылдық үзілістен кейін ел чемпионы атанып, қайтадан басты еурокубок додасына жолдама алған болатын. Ал "Олимпия" өз елінің чемпионы ретінде жарысқа қатысып отыр.
Айта кетейік, 2025 жылдың ақпан айында алматылық клуб Сатпаевтың ағылшындық "Челсиге" ауысатынын ресми түрде хабарлаған еді. Ол 18 жасқа толатын 2026 жылдың жазында Лондонға жол тартады. Ал сол уақытқа дейін Дастан "Қайрат" сапында ойнай бермек.
Еске салайық, қарымта матч 15 шілде күні Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Осы жұптағы жеңімпаз Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде КуПС (Финляндия) пен "Милсами" (Молдова) арасындағы кездесудің жеңімпазымен кездеседі.