Жетісу облысының полициясы қоғамдық резонанс тудырған 32 жастағы әйелдің өліміне қатысты тергеу барысын түсіндірді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Не болған?
Бұған дейін оқиғаның егжей-тегжейін журналист Сандуғаш Дүйсенова мәлімдеген болатын. Қайтыс болған Айзат есімді әйелдің туыстары оның күйеуін қатігездікпен ұрып-соғып, өлтірді деп айыптап отыр. Олардың айтуынша, әйелді бірнеше сағат бойы кішкентай қызының көзінше сабаған. Айзаттың ауыр жарақаттар алғаны анықталған: бас-сүйек ми жарақаты, сүйек сынуы, сүйреткен іздер. Туыстарының айтуынша, оны арқанмен байлап, далада сүйреген — білектеріндегі терісі сыпырылып қалған.
Айзат 22 маусымға қараған түні Талдықорған ауруханасына жеткізілген, онда дәрігерлер оның қайтыс болғанын растаған. Туыстары оның ауруханаға жеткенге дейін көз жұмғанына және күйеуі зорлық-зомбылық іздерін жасыруға тырысқан деген пікірде.
Куәгерлердің айтуынша, күйеуі мас күйде келіп, агрессивті әрекет жасаған. Ол әйелі терезеден құлап кетті деп түсіндірмек болған. Алайда туыстары бұл азаптау және өлтіру екеніне сенімді.
Қазір полиция бұл істі ҚР ҚК-ның 106-бабы 3-бөлігі бойынша тергеп жатыр. Марқұмның туыстары істі ерекше қатыгездікпен жасалған адам өлтіру ретінде қайта саралауды талап етіп отыр.
Жетісу облысы полициясының мәлімдемесі
Полиция мәліметінше, Жетісу облысында 22 маусымда болған әйелдің өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті оқиға болған алғашқы күндерден бастап қамауда отыр. Қазіргі уақытта бірқатар сот-медициналық сараптаманың қорытындысы күтіледі, олардың нәтижесі бойынша прокуратура органдарымен келісе отырып, күдіктінің әрекетіне соңғы құқықтық баға беріледі.
"Әлеуметтік желілерде түрлі расталмаған мәліметтер мен болжамдар тарап жатыр. Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз", — деп мәлімдеді полиция.
Қазақстандықтардан тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және сотқа дейінгі тергеу барысына әсер етіп, жұртшылықты жаңылыстыруы мүмкін жалған ақпараттарды жариялаудан және таратудан бас тарту сұралды.