Абай облысындағы қайғылы жағдайдың қалай болғанын марқұмдардың туыстары айтып берді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. Олардың сөзінше, жол жиегінен шығып кеткен көлік үйдің қақпасына соғылған. Сосын аулада алаңсыз ойнап жүрген алты баланы басып өткен. Әуелі қақпа жанында жүрген қызды қаққан. Сосын қақпаны соққан. Қақпаның ішінде балалар отырған. Дөңгелек пен қанаттың ортасына екі бала қыстырылып қалған. Жүк тиегішпен машинаны көтеріп, балаларды алған.
Көршілер келіп, балаларды ауруханаға мен мәйітханаға жеткізуге көмектескен. Өкінішке қарай, ауыр жарақат алған бір ұл мен қыз оқиға орнында, тағы бір қыз көлікте жан тапсырған. Балаларды қаққан 55 жастағы жүргізушісі қазір қамауда. Ол да Бестерек ауылының тумасы. Ұлдарының айтуынша, әкесі 20 жыл автобус айдаған тәжірибелі жүргізуші. Ол көлік тізгіндеген кезде есірткі мен ішімдік қолданбаған. Полиция қылмыстық іс қозғап, жол апатының себеп-салдарын анықтап жатыр.