Жаңа оқу жылынан бастап Шахтинск қаласының оқушылары картингпен айналысып, VR-технологияларды меңгеру мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ сұранысқа ие басқа да бағыттар бойынша үйірмелер ашылады. №2 Оқушылар сарайында ұйымдастырылатын бұл сабақтар балалардың таным көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, ерте жастан инженерлік ойлау қабілеті мен кәсіби дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Автокартинг үйірмесі Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асырылып жатқан «Тарлан» жобасының құрамына енеді. Мұнда балалар карт жүргізуді үйреніп, техникалық саладағы алғашқы тәжірибесін жинақтайды.
– Автокартодромды дайындау жұмыстары шамамен үш айға созылды. Жаз бойы Сарайдың артындағы алаң абаттандырылып, ғимараттың қасбеті мен гараждар жөнделді, жаңа асфальт төселді, – деді Оқушылар сарайының директоры Ирина Шмик.
Қажетті инфрақұрылым толық дайын: 10 карт пен барлық керек-жарақ сатып алынды, сегіз гараждан тұратын база жабдықталды. Қазір үйірмеде сабақ беретін, оқушыларды жүргізу машығына және жол қозғалысы ережелерінің негіздеріне үйрететін педагогтарды қабылдау жүріп жатыр.
Сабақтар екі жас санаты бойынша өтеді — 10–12 және 12–17 жас. Бағдарламада карт жүргізу дағдыларынан бөлек, техника құрылымын танып-білу, динамика заңдылықтарын меңгеру және жол қозғалысы ережелерін оқу қарастырылған. Үйірмеге қабылдау 15 қыркүйектен басталады.
Картинг Шахтинск қаласында әрдайым сұранысқа ие спорт түрі болып келді. Бұл бағытта 20 жылдан астам тәжірибе жинақталып, дамуына қажетті база қалыптасқан.
Бүгінде Оқушылар сарайында 4 жастан 18 жасқа дейінгі екі мыңнан астам бала қатысатын 11 бағыт бойынша 147 үйірме жұмыс істейді. 2025 жылы «Қазақстан халқына» қоры мен Білім беруді тұрақты дамыту қорының қолдауымен инженерлік-техникалық бағыттағы үйірмелердің (робототехника, автокәсіп және т. б.) материалдық-техникалық базасы едәуір жаңартылып, заманауи STEM-жабдықтар сатып алынды. Биылғы оқу жылында VR-технологиялар және телестудия сынды жаңа бағыттар іске қосылады.
Дереккөз: Gov.kz