Балқаш қаласында тұратын жоғары сынып оқушысы Нью-Йорк ғылым академиясының бағдарламасына қатысу үшін стипендия жеңіп алды

Gov.kz

Балқаш қаласының 11-сынып оқушысы Ділдә Еркебаева Нью-Йорк ғылым академиясы ұйымдастырған Junior Academy бағдарламасынан тегін білім алуға мүмкіндік алды. Ол – бағдарламаға іріктелген бес қазақстандықтың бірі.

Ділдә Еркебаева жаңа жайлы №12 мектептің 11-сыныбында оқиды. Бұған дейін Балқаштағы №7 гимназияда білім алған. Ол математикаға, тілдерді үйренуге, психология мен антропологияға қызығушылық танытады, сондай-ақ спортпен айналысқанды жақсы көреді. Айтуынша, спорт оған тәртіпті болуға көмектеседі.

– Қазір жеке менторыммен жұмыс істеймін, ал Нью-Йорк ғылым академиясының бағдарламасы туралы алғаш рет сол кісіден білдім. Бағдарламаға қатысу үшін өтінімді өзім толтырдым. Онда өз жетістіктерімді және мықты жақтарымды жаздым. Сонымен қатар, мен Steam Fest Balkhash шарасына волонтер ретінде қатысқанымды және Inclusive Academy жобасы аясында ерекше қызға математикадан сабақ бергенімді жаздым. Бұл – маңызды, өйткені америкалық университеттерде тек академиялық жетістіктер ғана емес, қоғамға қосқан үлес те ескеріледі. Сондай-ақ ағылшын тілін білу деңгейі де маңызды болды. Мен облыстық олимпиададағы нәтижемді және IELTS емтиханынан 6.5 балл жинаған сертификатымды қоса тіркедім, – дейді Ділдә.

Junior Academy жобасына қатысу – үлкен жетістік. Статистикаға сәйкес, өтініш бергендердің тек 5–10%-ы ғана бұл курсқа қатысу мүмкіндігін алады. Олардың бір бөлігі ғана оқуға тегін қабылданады.

Ділдә – биыл Junior Academy бағдарламасына өткен бес қазақстандықтың бірі. Қазір оқушылар бір-бірімен танысып, жобамен жұмыс істеу үшін командалар құрып жатыр.

Барлық оқу онлайн форматта өтеді.

– Біз оқу барысында топтық жоба жасап, соңында оны қорғаймыз. Таңдауымызға үш түрлі тақырып ұсынылды, бірақ Қазақстан үшін ең тиімдісі – күн энергиясы болды. Қазір бізге платформаға кіруге рұқсат берілді, портфолиоларымызды жүктеп, командалар құрудамыз. 22 қыркүйекке дейін үлгеруіміз керек, содан кейін оқу мен онлайн-кездесулер басталады, – дейді ол.

Нью-Йорк ғылым академиясында оқу – Ділдәнің портфолиосын нығайтып, армандаған университетіне түсуіне жол ашады. Ол болашағын математикамен байланыстырғысы келеді, бірақ нақты бағытын әзірге анықтамаған.