Қазақстанда банктерді мемлекеттік қолдауға шектеу енгізілмек

Сурет: parlam.kz

Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева банктерге мемлекеттік қолдау жасауда шектеу енгізілетінін айтты, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі.

- Бюджет қаражаты есебінен банктерге көмек көрсету мәселесі депутаттар мен қоғам тарапынан үнемі сынға алынып келеді. Проблемалы банктерді реттеудің қолданыстағы тетіктері мемлекеттің қатысуын шектеудегі халықаралық тәжірибені ескере отырып жетілдіруді талап етеді, - деді Д. Еспаева Парламент Мәжісінде банк қызметі туралы заң жобасының таныстырылымы кезінде.

Заң жобасына сәйкес, банктер қаржылық жағдайын дербес қалпына келтіреді. Банктердің төлем қабілетсіздігін шешу мәселесінде мемлекеттің қатысуына шектеу енгізілді.

- Бұл өз кезегінде бюджет қаражатын пайдалануды шектейді, сондай-ақ мемлекеттік қолдауға сүйенбей, басқаруды жақсарту және банктің тұрақтылығын қалпына келтіру үшін ынталандыру жасайды, - деді депутат.

Мемлекеттік қолдау тек жүйелік маңызы бар банкке ғана көрсетіледі. Оны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк анықтайды.

Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау бойынша міндеттемелер толық өтелгенге дейін, акционерлер мен басшыларға дивидендтер мен ақшалай өтемақы төлеуге тыйым салынады.

Еске салсақ, биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев банктер туралы заңды 2025 жылдың аяғына дейін қабылдау керек екенін атап өтті.