Қарағанды фермерлері техниканы 10 минутта лизингке рәсімдей алады

Автор суреті

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі компаниялар тобына кіретін «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қарағанды облысында егін жинау науқанының аяқталуына орай журналистерге арналған пресс-тур өткізді, сондай-ақ өңірдің фермерлерімен кездесу ұйымдастырды.

БАҚ өкілдері Осакаров ауданындағы дәнді және майлы дақылдарды өндіруші «YUGER2023» ЖШС ауыл шаруашылығы кәсіпорнының мысалында аграрийлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларымен танысты.

Биыл компания 13 мың гектардан астам жерге егін еккен. Оның ішінде: 10 мың гектардан астам бидай, 2 мың гектарға зығыр, шамамен 1 мың гектарға жасымық және басқа да дақылдар себілген. Кәсіпорында фермерлер өз қызметі туралы айтып, алқаптармен, астық қоймаларымен және қызметкерлерге арналған жаңа жатақханамен таныстырады. Мұнда 44 адам жұмыс істейді.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның арқасында біздің техника паркі толық жаңартылды, барлық техника жаңа: егіс кешендері, жер өңдеуге арналған агрегаттар, комбайндар, тракторлар. Соңғы 5 жылда компания жалпы сомасы 2,6 млрд теңгеден асатын 50-ден астам техниканы лизингке алды. Мұндай қолдау бізге жылдам өсіп, дамуға мүмкіндік береді», – деді «YUGER2023» ЖШС директорының орынбасары Михаил Волокушин.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаевтың айтуынша, облыс ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға деген жоғары сұранысы бар өңірлердің қатарында тұрақты түрде көш бастап келеді. 2025 жылдың басынан бері «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қарағанды облысындағы филиалына жалпы сомасы 15,3 млрд теңгеге жуық 1000-ға жуық техника бірлігін қаржыландыруға өтінімдер келіп түсті. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша жалпы сомасы 11 млрд теңгеге 763 техника бірлігін сатып алуға келісімшарттар жасалған. Фермерлер жылдық 5% мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген бағдарламаға ерекше қызығушылық танытуда – бұл бағдарлама аясында 742 техника бірлігі, жалпы сомасы 10,5 млрд теңгеден астам сомаға қаржыландыру көрсетілген.

«Қарағанды облысының аграрийлері әрдайым өндірісті жаңғыртуға басымдық беріп келеді. Біздің фермерлер лизингтік бағдарламаларды белсенді пайдаланып жатыр, және биыл бұл бағытта нақты серпін байқалуда – өтінімдер саны өсіп келеді. Ерекше атап өтерлігі, шаруашылықтар заманауи тракторлар мен комбайндарға басымдық беруде, бұл өз кезегінде егіс және орақ науқандарының тиімділігіне тікелей әсер етеді. Біз үшін фермерлерге қаржыландыруға қолжетімділік берумен қатар, өтінім беру үдерісін мейлінше оңай әрі ыңғайлы ететін заманауи цифрлық шешімдерді ұсыну да маңызды», – деді «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Жұмжаев.

Іс-шараның екінші бөлігінде фермерлермен кездесу және ауыл шаруашылығы техникасын лизингке рәсімдеуге арналған жаңа онлайн-сервис таныстырылды. «ҚазАгроҚаржы» АҚ өкілдері онлайн режимде аграрийлерге өтінім беру тәртібін көрсетіп, бұл жүйе қағаз түріндегі нұсқаға балама болып табылатынын атап өтті. Сонымен қатар, компания өкілдері ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жағдайлары әртүрлі екенін айтты: барлық фермерлерде смартфон немесе цифрлық дағдылар бола бермейді, ауылдық жерлерде интернет сигналы әлсіз. Осыған байланысты өтінім беру тәртібіне қатысты кез келген сұрақтар бойынша фермерлер «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының мамандарына тікелей жүгіне алады. «ҚазАгроҚаржы» АҚ Қарағанды облыстық филиалы мен Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.

«Біздің Қарағанды облысындағы «ҚазАгроҚаржы» филиалымен өте тығыз әріптестік байланысымыз бар. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының жанында агроөнеркәсіптік кешен комитеті жұмыс істейді, онда біз саланың өзекті мәселелерін талқылаймыз. Жалпы, еліміздің барлық өңірлерінде палатаның филиалдары бар. Онда біздің кеңесшілер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге құжаттарды жинап, өтінімдерді толтыруға көмек көрсетеді. Егер фермерлерде қандай да бір сұрақтар туындаса, олар біздің филиалға жүгіне алады – біз жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов.

Өз кезегінде, ауыл шаруашылығы өндірушілері 5% мөлшерлемемен берілетін «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасының қарапайым фермерлер үшін тиімді бағдарлама екенін, ал өтінімді онлайн беру – шаруаларға қосымша қолдау болғанын атап өтті.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ деректеріне сәйкес, Қарағанды облысында 2000 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта облыстың агроөнеркәсіптік кешеніне шамамен 89,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Осы қаржыландырудың арқасында жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілері 5 300-ден астам техника бірлігін сатып алуға мүмкіндік алды, бұл өңірдің аграрлық секторының дамуына елеулі үлес қосты. Бүгінде Қарағанды облысындағы «ҚазАгроҚаржы» филиалы 1100-ден астам клиентке қызмет көрсетуде.