Қарағандылықтар мен қала қонақтары Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің 38-ші концерттік маусымының ашылуына шақырылады. Концерт 19 қыркүйек күні сағат 18:30-да «Аманат» партиясының залында өтеді (мекенжайы: Әлиханов көшесі, 4).
Қонақтар үшін мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, «Астана Опера» театрының солисі Алтынбек Әбілда және халықаралық байқаулардың жеңімпазы, қарағандылық әнші Рысты Рахымжан өнер көрсетеді. Бағдарламаға сондай-ақ оркестр солистерінің орындаулары енген.
Дирижёрлер – Әбуғалисын Шоқанбаев, Ерлан Бақтыгерей, Әбілхаир Сағымбаев.
Кеш жүргізушісі – Мейрамгүл Кәріпжанова.
– Бұл маусым оркестр үшін мазмұнды әрі қарқынды болғалы тұр. Қазір шетелдік гастрольдер туралы келіссөздер жүргізілуде, бірақ нақты деректерді айтуға әлі ерте. Қыркүйек біз үшін репетициялық ай болса, қазан айының басында Astana Hall сахнасында өнер көрсету жоспарланған, – деді Қарағанды филармониясының бас директоры Талғат Ыдырысов.
Биылғы маусымда оркестр гастрольдік концерттерін жалғастырады, себебі әдетте музыканттар өнер көрсететін «Шалқыма» концерт залында жөндеу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр.