Алматыдағы нөсер жауын. Жол опырылып, 13 көлікке зақым келді

Фото: yandex.kz

Алматыда нөсер жауын салдарынан жол опырылып, 13 көлікке зақым келген, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Astanatv.kz-ке сілтеме жасап.

Оқиға кеше Алматы қаласы Әуезов ауданындағы Аманжол көшесінде болған.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, мердігер компания бұған дейін ауызсу және кәріз инженерлік желілерін жүргізу жұмысын толық көлемде аяқтаған. Асфальтбетон жамылғысын қалпына келтіру уақытша кейінге қалдырылды.

«Қалпына келтіру жұмыстары газ құбыры төселгеннен кейін жасалуға тиіс еді. Алайда жауын суы арық жүйесі арқылы осы көшеге жиналып, жол төсеміне түсетін салмақты арттырған. Қатты нөсерден жол шөгіп, жабыны бүлінген. Салдарынан 13 көлік зақымданды», - деп жазды қала әкімінің коммуникация және БАҚ-пен жұмыс бойынша кеңесшісі Ильзат Акчурин.

Енді мердігер ұйым зақымданған көлік иелеріне келтірілген шығынды толық өтейді.