Астананы көру үшін Қытайдан атпен шыққан жұбайлар Қазақстанға жетті

Фото: видео скрин

Қытайдан атпен шыққан ерлі-зайыпты Қуанбек Түсіпханұлы мен Жәйна Еркінқызы Алматы облысы Іле ауданы Ақши ауылына жетті. Жұбайлар алыстағы Тарбағатайдан арқадағы Астананы көруге келе жатыр, деп хабарлайды LIFE09 ақпарат агенттігі Nur.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Күрті ауылдық округінің әкімдігі Instagram желісінде мәлім етті. Әкімдік мәліметінше, Қуанбек пен Жәйнаның ат үстінде жүргеніне 1 ай болды.

Ұлттық Дәстүрді дәріптеген саяхатшыларды Күрті ауылдық округ әкімі Ғабит Даниялұлы мен әкімдік қызметкерлері, Ақши ауылының тұрғындары, Мәдениет үйінің қызметкерлері құрметпен қарсы алып, жөн сұрасты. Қонақтарға ақ дастархан жайылып сый құрмет көрсетіліп, Мәдениет үйі қызметкерлері тарапынан ән шашу ұсынылды.

Қуанбек пен Жәйна Қазақстанға 8 тамызда шыққан. Тарбағатай аймағынан Қорғас бекетіне дейін 900 шақырым жүрген оларды ағайын туыс пен екі ұлы шекараға дейін шығарып салған, кеден талабына сай өз аттарын арғы бетте қалдырған, Қорғаста басқа жылқыларға мінген.