Қытайдағы әуе шоуына дайындық кезінде ұшатын көліктер соқтығысты

Фото: Weibo

Қытайдың Чанчунь қаласында өтетін әуе шоуына дайындық барысында Xpeng AeroHT компаниясының екі ұшатын көлігі әуеде бір-бірімен соқтығысып қалды. Соқтығыс салдарынан олардың бірі жерге қонған кезде өртеніп кеткен, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап. 

Компания мәлімдемесінде оқиға орнында зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады. Дегенмен, CNN дерегінше, бір адам жарақат алған болуы мүмкін.

Weibo әлеуметтік желісінде тараған кадрларда өртеніп жатқан көлік пен өрт сөндіру машиналарының келген сәті көрсетілген.

Барлық қызметкерлер қауіпсіз, ал жергілікті билік оқиға орнында шұғыл шараларды аяқтады, – деп мәлімдеді Xpeng AeroHT өкілдері.

Электрлік ұшатын көліктер тігінен ұшып-қонуға қабілетті. Компания оларды шамамен 300 мың доллар бағамен сатуды көздейді. Биылғы қаңтар айында көлікке шамамен 3000 тапсырыс алынған.

Xpeng – әлемдегі ең ірі электрлі көлік өндірушілерінің бірі және жуырда еуропалық нарыққа шықты. Ұшатын көліктерді AeroHT еншілес компаниясы шығарады.

Сарапшылардың айтуынша, мұндай көліктерді жаппай енгізу үшін инфрақұрылым мен реттеу жүйесінде айтарлықтай кедергілер бар. Дегенмен, Қытай электромобильдердегідей бұл салада да көш бастауға ұмтылып отыр.