Астанада өткен аралас жекпе-жек (ММА) бойынша Қазақстан чемпионатында қарағандылық Марат Сражатов алтын медаль жеңіп алып, әлем чемпионатына жолдама иеленді.
Марат Сражатов Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінде жұмыс істейді. Ол ММА-мен төрт жылдан бері айналысады.
16–18 қыркүйек аралығында өткен чемпионатта қарағандылық спортшы үш жекпе-жек өткізіп, барлығын мерзімінен бұрын аяқтады. Мараттың айтуынша, ең қиын кезең финалдық кездесу болған. Рингте ол Шығыс Қазақстан облысының спортшысымен кездесіп, жеңіске жету үшін бар күшін салуға тура келді.
Жекпе-жекпен айналысу Маратқа тек спорттық жетістіктерге жетуге ғана емес, сонымен қатар жұмыс бабында да үнемі шынығып жүруге көмектеседі. Жаттығулар төзімділікті, күш-қуатты, жылдам әрекет ету қабілетін дамытып, кез келген жағдайда сабыр сақтауды үйретеді. Бұл қасиеттер құтқарушы мамандығында аса қажет, дейді ол.
Үйіне оралған соң, Марат әлем чемпионатына дайындықты бастайды.