Алматылық «Қайрат» командасы UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңі 2-турындағы Испанияның «Реал Мадридпен» кездесуіне стадион аумағына қай уақыттан бастап кіре алатынын жариялады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл жөнінде команданың әлеуметтік парақшасында жарияланды.
— Стадион аумағына жанкүйерлер 17:45–тен бастап кіре алады. Дәл осы уақытта ойын алдындағы бағдарлама басталады. Жанкүйерлерді UEFA мен клуб серіктестерінің интерактив аймақтары, көңілді барабаншылар шоуы, жанкүйерлерге арналған тегін аквагрим, фудкорттағы дәмді тағамдар мен сусындар, трибунада клуб жалауларын тарату жағдайы күтеді. Көрермендерден матч басталғанға дейін 3-4 сағат бұрын келуді сұраймыз. Бұл — стадионға кіреберістегі тексеріс пен бақылаудан өтуге, кезек пен ыңғайсыздықтың алдын алуға көмектеседі, — деп жазылған хабарламада.
Кездесу 30 қыркүйек күні сағат 21:45–те Алматыдағы Орталық стадионда басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Бас төреші міндеті италиялық Марко Гуидаға жүктеліп отыр. Оған Джорджио Перетти мен Джузеппе Перротти көмектеседі. Төртінші төреші де сол елдің өкілі Симоне Соцца.
Қазірге дейін алматылық клуб бірінші турда Португалияның «Спортинг» (Лиссабон) командасына 1:4 есебімен есе жіберді.
Енді олар беделді турнирде «Реал Мадрид» (Испания), «Интер» (Италия), «Арсенал» (Англия), «Брюгге» (Бельгия), «Олимпиакос» (Грекия), «Пафос» (Кипр), «Копенгаген» (Дания) клубтарымен ойнайды.