Next Urpag: Қарағанды облысында NEET-жастарды қолдауға бағытталған жаңа жоба іске қосылды

Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағанды облысында NEET санатындағы жастардың әлеуметтік және еңбек әлеуетін арттыруға бағытталған Next Urpag жобасы басталды. Бағдарлама аясында қатысушылар үшін шеберлік сабақтары, тренингтер мен мотивациялық коуч-сессиялар ұйымдастырылуда. Далалық лагерь форматындағы бұл жоба жастарға өз әлеуетін ашуға, пайдалы таныстық орнатуға және тұлғалық дамуға жаңа серпін алуға мүмкіндік береді.

– Біз жобаны жаңа, тәжірибелік форматта өткізуді жөн көрдік. Арнайы фокус-топ жинап, әр қатысушымен жеке жұмыс жүргізудеміз, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айсұлу Ерниязова. – Бұл жастарды бұзық деуге болмайды, олар жай ғана өз күшіне сенбейді, мотивациясы төмен. Біздің мақсатымыз – олардың өздеріне сенім ұялату және өмірде өз жолын табуына көмектесу.

Лагерь бейресми жағдайда өтуде. Мұнда ұзақ дәрістердің орнына еркін пікір алмасу, бірлескен жобалар мен тәжірибе бөлісу сессиялары ұйымдастырылған. Жобаның басты идеясы – түрлі өмірлік тәжірибесі бар жастарды біріктіріп, ортақ мәселелерді бірге талқылау, шешім іздеу және өз бастамаларын дамытуға жағдай жасау.

Бұқар жырау ауданынан келген Кирилл Зализко лагерьден үлкен үміт күтетінін айтады:

– Лагерь маған жаңа таныстар, пайдалы байланыстар мен өз өмірімді дұрыс бағытта құруға жол көрсететін бағыт-бағдар береді деп сенемін, – дейді қатысушы.

Ұйымдастырушылар жастарға мотивация беріп, шабыттандыратын адамдарды шақырған. Олардың қатарында коучтар, табысты кәсіпкерлер мен еріктілер бар.

Олар қатысушыларға бастамадан қорықпауға, табысқа жету үшін қажетті дағдыларды қалыптастыруға, командада жұмыс істеуге және кәсіби мақсат қою мен мансаптық жолды жоспарлауға үйретеді.

Жобаның алғашқы нәтижелері алты айдан кейін қорытындыланады. Әлеуметтік талдау арқылы жаңа форматтың жастардың өмірлік ұстанымына, өзіне деген сеніміне және кәсіби даму ниетіне қаншалықты ықпал еткені айқындалмақ.