Алматыда дәріханаларға жаппай тексеру жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары рецептсіз есірткі және психотропты препараттарды сататын фармацевтерді анықтады, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап .
Тексеріс кезінде төрт күннің ішінде морфин мен промедол сияқты тәуелділік тудыратын дәрілерді рецептсіз сатқан 126 дәріхана әшкере болды. Алайда қолхатпен ұсталғанның өзінде сатушылар заң бұзғандарын мойындамайды.
Бұл дәрілерді көбіне тәуелді адамдар рецептсіз алуға тырысады. Рецептсіз дәрі сатқан фармацевттерге 1000 АЕК, яғни 3 миллион 692 мың теңгеге дейін айыппұл немесе лицензиясынан айырылуы мүмкін.
Алматыдағы бір дәріхана бірнеше айдың ішінде заңды алты рет бұзғанына қарамастан, жұмысын жалғастырып келген. Бұл жолы да олар рецептсіз тыныштандыратын дәрілерді сатқан. Бұл тұтынушы ретінде келген тексеруші арқылы әшкере болды. Сатушыдан түсініктеме алынып, деректер фармацевтикалық бақылау комитетіне жолданды. Енді дәріхананың ары қарайғы тағдырын сол мекеме шешеді.
“Рецептсіз медициналық препараттарды, мысалы тропикамид көз тамшысын сататын дәріханалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады, оларға айыппұл салынады. Егер мұндай жағдай қайталанса, дәріхана алты айға лицензиясынан айырылады. Айыппұл төленбейінше, олар осы препараттарды сатуға құқылы болмайды”, – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің есірткі қылмыстарымен күрес басқармасының жедел уәкілі Даурен Көбеев.