Депутаттың әйеліне тиесілі компания Орталық Азиядағы ең ұзын көпір салудан миллиардтаған табыс тапқан

Фото: ИИ

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысына жауапты "ОблШығысЖол" компаниясы 2023 жылы 220 миллион теңге, ал 2024 жылы 2,7 миллиард теңге пайда тапты, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап. Компания кірісі бір жылда 12,1 есе өскен. 

"ОблШығысЖол" Шығыс Қазақстан облысында тіркелген. Оның жалғыз иесі "Элхон" ЖШС болып тіркелген.  Ал ол Жанболат Қазанов пен мәжіліс депутаты Лұқбек Тұмашиновтың әйелі Сәуле Тұмашиноваға тиесілі.

2024 жылдың қазан айында "ОблШығысЖол" Ұзындығы 1316 метр, ені 13 метр, Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін екі жолақты көпірді пайдалануға берді.

Ертіс өзеніндегі Бұқтырма су электр станциясының бөгетінен пайда болған Бұқтырма су қоймасы – Қазақстандағы ең ірі су қоймасы. Ол жер беті бойынша әлемдегі ең ірі жасанды су қоймаларының ондығына кіреді.