Түркістан облысында тауда адасып кеткен туристер аман-есен табылды

Фото: Canva.com

Түркістан облысының Төлеби ауданындағы таулы аймақта Қарағанды облысынан келген төрт турист, оның ішінде екі бала, жолдан адасып қалған. Олар автокөлікпен жүрген және кері бағытты таба алмай қалған, деп хабарлайды life09 ақпарат агенттігі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты жедел-құтқару жасағы дереу аттанды. Байланыс тұрақсыз болғанына қарамастан, геолокация деректері арқылы туристердің орналасқан жері анықталды.

Құтқарушылар туристерді теңіз деңгейінен 1800 метр биіктіктегі «Ақсу» каньоны аумағынан тапты. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ. Құтқарушылар адамдарды қауіпсіз аймаққа дейін шығарып салып, олар өз көліктерімен жолдарын жалғастырды.

ТЖМ тауға немесе алыс аймақтарға сапар шегетін азаматтарға қауіпсіздік ережелерін сақтап, маршрут пен байланыс құралдарын алдын ала дайындау қажеттігін еске салады.