Әлем әуендері: Қарағандыда өткен халықаралық музыкалық фестивальде бес елдің өнерпаздары сахнаға шықты

Фото: Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестік

Қарағандыда 17–26 қазан аралығында XXVI халықаралық «Әуенді Сарыарқа» фестивалі өтіп жатыр. Бұл – өңірдің ең ірі әрі беделді мәдени шараларының бірі. Биылғы фестивальге Қазақстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Польша және Италия елдерінен келген белгілі әртістер қатысуда.

Фестивальдің ашылу концерті С. Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында өтті. Бағдарлама Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі Ерлан Бақтыгерей дирижерлік еткен Тәттімбет атындағы қазақ халық аспаптар академиялық оркестрінің орындауындағы Тәттімбеттің әйгілі «Сарыжайлау» күйімен ашылды. Кейін көрермендер сүйіп тыңдайтын туындылар шырқалды: Евгений Брусиловскийдің «Думанда», Әшімтай Қарымсақұлының «Қоңыр қаз» және Мұқан Төлебаевтың «Поэма» атты туындылары. Соңғысын республикалық байқаулардың лауреаты, қобызшы Айым Мейірханова орындады.

Көрерменнің ерекше ықыласы шақырылған шетелдік қонақтарға бағытталды. 

Башқұртстан Республикасының халық әртісі Азат Айтқұлов кураймен башқұрттың «Буранбай» және «Сыңрау торна» әндерін, сондай-ақ қазақтың халық әні «Алқоңыр» мен Ахметбек Әлпекұлының «Жылқышы» шығармасын орындады.

– Бұл менің Қарағандыға алғаш келуім, бірақ Қазақстанның басқа қалаларында бұрын болғанмын. Алғашқы әсерім өте жақсы, – дейді Азат Айтқұлов. – Әртістер мен музыканттар – бір үлкен отбасыдай. Музыка мен өз аспабын сүйетін жандар бірін-бірі сөзсіз түсінеді. Бізді кәсібіміз ғана емес, ортақ мақсат біріктіреді. Сондықтан осындай фестивальдер аса маңызды. Бір-бірімізді танып, тәжірибе алмасу – рухани байлықтың көзі. Бұл ең алдымен музыканың дамуына, оның өміршең болуына ықпал етеді.

Өзбекстанның халық әртісі Дамир Рахмонов көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Оның орындауында Абай Құнанбайұлының «Айттым сәлем, Қаламқас» әні, Сулейман Юдаковтың «Чубонали» ариясы, Эдуардо ди Капуаның әйгілі «O sole mio» және Луиджи Денцаның «На качелях» туындылары шырқалды. Әртістің әсерлі дауысымен орындалған бұл шығармалар көрермен жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

Фестиваль бағдарламасы тек халықтық бағыттағы туындылармен шектелген жоқ. Көрермен назарына Феликс Мендельсонның №4 симфониясы, Шарль Дюмон мен Мишель Вокердің «Я не о чём не жалею» әні, сондай-ақ Сервер Какураның заманауи «Ай-Петри» шығармасы ұсынылды. Концерт Құрманғазы Сағырбайұлының ұлы туындысы – қазақ даласының еркіндігі мен қуатын бейнелейтін «Сарыарқа» күйімен түйінделді.

Фестивальдің қорытынды гала-концертінде Қарағанды джаз оркестрі өнер көрсетеді. Дирижёр – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Игорь Андрейченко.

Мерекелік шараны Қарағанды облысының әкімдігі, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы мен Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестік ұйымдастырды.