Қарағандыда ел Кубогына қатысатын үздік бочча ойыншылары анықталды

Суреттер: Қарағанды облысының әкімдігі

Қарағандыда боччадан облыстық чемпионат өтті. Жарыс барысында қарағандылық спортшылардың арасынан үздіктер анықталып, олар қараша айының басында өтетін Қазақстан Кубогында аймақ намысын қорғайтын болды.

Бочча — паралимпиадалық спорт түрі, ол боулингке ұқсас. Бұл ойынға тірек-қимыл аппараты қызметі бұзылған адамдар қатысады. Қозғалысы шектеулі спортшылар үшін арнайы құрал-жабдықтар — рампа мен сырғыма жолақтар қарастырылған. Ал операторлар деп аталатын ассистенттер спортшының нұсқауымен допты бағыттауға көмектеседі.

Қарағанды облысы бойынша Бочча федерациясы президентінің орынбасары Гаухар Ақыжанованың айтуынша, өңірде бұл спорт түріне қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Биыл чемпионатқа алғаш рет Абай қаласынан спортшылар қатысып, олардың арасында ВС3 санатындағы ойыншылар да болды — яғни рампа мен оператор көмегін пайдаланатын қатысушылар. Қазір бұл санатта төрт ойыншы бар (екеуі ер, екеуі әйел), бұл өз кезегінде жұптық командалар құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, биылғы додаға Бұқар жырау ауданы мен Саран қаласының спортшылары да қосылды.

Жаңа қатысушылардың бірқатары алғашқы жарыстарында-ақ жоғары нәтиже көрсетті. Мәселен, сарандық Ирина Юрина ВС2 F санатында жеңімпаз атанса, оның жерлесі Гүлім Қашымова ВС3 F санатында күміс жүлде иеленді. Ал абайлық Владимир Гаор ВС3 M санатында алтын медальға қол жеткізді. Тағы бір дебютант — Көкпекті ауылының тұрғыны Азамат Темірбаев ВС1 M санатында бірінші орын алды.

Халықаралық деңгейдегі тәжірибелі спортшы, Бахрейнде өткен турнирдің қола жүлдегері Анастасия Кутурман да өз шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеп, ВС1 F санатында жеңіске жетті.

Гаухар Ақыжанованың айтуынша, жаңа бастаған спортшылардың көбі бастапқыда өз күшіне сенімсіздік танытқанымен, жарыстарға қатысу олардың бойында сенім мен жеңіске деген құлшыныс оятады. Мұндай қатысушыларға арнайы спорттық психологтар да қолдау көрсетеді.

Боччаның танымал болуына мемлекеттік қолдау да зор ықпал етуде. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың арқасында тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар Абай, Саран және Бұқар жырау аудандарындағы спорт орталықтарында тегін жаттыға алады. Ал қажетті спорттық жабдықтың бір бөлігі бюджет есебінен сатып алынады.

— Екі жыл бұрын мүгедектер спорты мектебі бізге бочча доптарын сатып алуға көмектескен еді. Бірақ кез келген спорттық жабдық сияқты, олар да уақыт өте келе тозады. Әр турнир алдында доптар арнайы тексерістен өтеді, алайда бәрі бірдей талапқа сай келе бермейді. Қазір жаңа мүкәмал сатып алу мәселесін қарастырып жатырмыз, — дейді Гаухар Ақыжанова.