Алматылықтар автобуспен тегін жүре алады. Яғни экономистер қалалықтар қоғамдық көлікке қалағанынша мінсін, ал шығынын мемлекет көтерсін дейді. Сарапшылар сөзінше, жылда миллиардтаған субсидия бөлетін әкімдік бұдан қиналып қалмайды. Халықтың 120 теңгесісіз-ақ автобустарды жөндеуге, бензині мен газын құюға қаржы жетеді, деп хабарлайды Life09 ақпарат агенттігі Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Ақысын 500 теңгеге көтеру туралы ұсыныстан соң, сарапшылар автобусты енді тегін қылсын дейді. Экономистердің есебінше, мемлекеттің субсидиясы қоғамдық көліктердің шығынын жауып қана қоймай, артылып та қалып жатыр. Сол себепті олар тарифті 0 теңгеге түсіруді ұсынады.
Алматы әкімдігі былтыр бөлген 100 миллиард теңге қаладағы әрбір тұрғынға шаққанда 50 мың теңгеден келеді. Субсидияның өзі-ақ 2 жарым мың автобустың шығынын жабады дейді "Атамекен" палатасының өкілі Максим Барышев. Ал экономист Ерлан Кәрімовтің айтуынша, халық өтейтін шығынды да мемлекет өз мойнына ала алады.
“Ол қосымша шығынды вип-нөмірлердің бағасын көтеру, көліктің терезесін ақылы түрде қараңғылауға рұқсат беру немесе утиль алымнан түскен қаражатты тікелей автобусқа субсидия ретінде бағыттау арқылы толтыруға болады. Автобус күніне мың жолаушы тасыса да, шығынын ақтайды”, – деді экономист Ерлан Кәрімов.
Ал автосарапшы Әрсен Шакуовтың пікірінше, жолаушылар тегін жүру үшін автобус парктері 100% мемлекет меншігіне өту керек. Ал бұл әзірге мүмкін емес дейді.
“Автопарктер қазір жекеменшік. Шығынның бәрін мемлекет алса, қаржы есепсіз жұмсалады. Халықтан салықпен жиналған ақша кәсіпкерлердің қалтасына кетеді. Негізі жолақы 200-250 теңге болуы тиіс”, – деді "Жалпы жол" жол қауіпсіздігі қауымдастығының президенті Әрсен Шакуов.
Автобус ақысына қатысты халықтың ойы әртүрлі. Жолақыны көтеру әкімдіктің әзірге жоспарында жоқ. Тегін қылмайтыны да анық.
Айта кетсек, бүгінде Алматыда 2900-ден астам автобус бар.