Қайтарылған активтер: Қарағанды облысында қаржы қандай мақсатқа жұмсалуда

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Қарағанды облысында мемлекетке қайтарылған активтер коммуналдық инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Бұл қаражат есебінен тұрғындарды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге арналған тоғыз жоба жүзеге асырылып жатыр. Су құбырлары мен сумен жабдықтау желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инфрақұрылымды дамыту және халықты таза ауызсумен қамту мақсатында арнайы мемлекеттік қордан 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген.

Мұндай жобалардың бірі – Осакаров ауданына қарасты Колхозное ауылы. 

Бұл елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі болмағанына жиырма жылдан асты: тұрғындар суды ұңғымалар мен құдықтан тасып ішіп келген. Енді алғаш рет ауыл үйлеріне таза ауызсу тартылуда.

Биыл мамыр айында Колхозное ауылында су құбырының құрылысы басталды. Жобаны қараша айында аяқтау көзделген. Су желілері іске қосылған соң 400-ге жуық тұрғын сапалы ауызсумен қамтылады.

– Бізде 20 жылдан астам уақыт бойы су құбыры болған жоқ. Суды ұңғымадан таситынбыз. Биыл жаңа су жүйесін тартып жатыр. Бұл біздің тұрмысымызды едәуір жеңілдетеді, – дейді ауыл тұрғыны Ольга Сандалиди.

Сумен жабдықтау бойынша ірі жобалар облыс орталығында да жалғасуда. Қайтарылған активтер есебінен Қарағанды қаласында маңызды инфрақұрылымдық мәселелер шешімін табуда. Соның бірі – Терешкова көшесіндегі айналма жолдан «Екінші аймақ» сорғы станциясына дейінгі су магистралінің құрылысы («Восток-5» шағын ауданы маңында). Ұзындығы 7 шақырым болатын жаңа желі Майқұдық, Жаңа қала және Михайловка тұрғындарын тұрақты әрі сапалы сумен қамтамасыз етеді. Бұл – 200 мыңнан астам адамның тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды жоба.

Сондай-ақ қайтарылған қаражат есебінен Жаңа және Ескі Тихоновка елді мекендерінде су жүйесі жаңартылуда. Жаңа Тихоновкада 20 шақырымнан астам жаңа құбыр тартылып, шамамен 4 мың тұрғын орталық су жүйесіне қосылады. Ал Ескі Тихоновкада 4 шақырымнан астам су желісі салынып жатыр – нәтижесінде 146 үй таза ауызсуға қол жеткізеді.

Барлық құрылыс-монтаж жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталып, қарашада гидравликалық сынақтар мен желілерді дезинфекциялау жүргізіледі. Осыдан кейін тұрғындарға техникалық шарттар беріліп, үйлерін су жүйесіне қосу мүмкіндігі ашылады.

Бұл жобалардың жүзеге асуы Қарағанды өңірін 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен су құбырлары тартылып жатқан елді мекендердің қатарында Қарқаралы ауданының Ақтерек ауылы, Теміртаудың Әлеуметтік қала, Оң және Сол жағалау, Ескі қала шағын аудандары, Абай ауданының Садовое ауылы, Көктінкөл станциясы (56-разъезд) және Шет ауданының Әлихан ауылы бар.

Барлық жобаларды аяқтау биылғы жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.

Дереккөз: Gov.kz