Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барды

Akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қызылорда облысына сапары «Қорқыт ата» халықаралық әуежайының жаңа терминалымен танысудан басталды
 

Президентке әуежай қызметі, ішкі және халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсету процесі жөнінде баяндалды.
 

🟦Мемлекет басшысына жолаушыларды тіркеу және тексеру аймақтары, шекаралық-кедендік бақылау пункттері, күту залы, сондай-ақ автоматтандырылған жүк беру жүйесі көрсетілді.
 

🟦Жаңа терминал былтыр қараша айында ашылған. Жобаға 16,6 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция салынды.
 

🟦Жергілікті бюджеттен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жүргізуге 4,3 миллиард теңге бөлінді.

 

Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда облысының әлеуметтік- экономикалық дамуы жөнінде есеп берді
 

✔️Мемлекет басшысына Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар, сондай-ақ облыс орталығы мен елді мекендерді абаттандыру жөнінде мәлімет берілді.
 

✔️Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев соңғы 4 жылда өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 233 пайызға артқанын баяндады. Биыл 720 миллиард теңгеден астам қаржы тарту жоспарланған. Оның ішінде жеке инвестицияның үлесі 70 пайызды құрайды.
 

✔️Экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда аймақта құны 2 триллион теңгеге жуықтайтын 90 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Биыл жалпы құны 302 миллиард 500 миллион теңге болатын 27 нысанды іске қосу жоспарланған. Бүгінде оның тоғызы пайдалануға берілді.

✔️Мемлекет басшысы облыстың қарқынды дамып келе жатқанын айтып, атқарылған жұмыстарға оң бағасын берді.

Дереккөз: Aqorda.kz