Идеядан табысты іске дейін: Қарағанды облысында жастар кәсіпкерлігі қалай қолдау табуда

Суреттер: Қарағанды облысы әкімдігінің сайтынан

Абай ауданының Жұмабек ауылындағы бөдене фермасы күн сайын тұрақты тұтынушыларына бес мың дана жұмыртқа жеткізеді. Кәсіп иесі — 26 жастағы Рауана Рысқұл, Абай ауданы әкімінің гранттар байқауының жеңімпазы. 

Мемлекеттік қолдаудың арқасында жас кәсіпкер өндіріс көлемін екі есеге арттырып, маринадталған жұмыртқа, ысталған бөдене еті және үй майонезін шығару ісін жолға қоюды жоспарлап отыр.

— Отбасымызбен көптен бері табиғатпен етене байланысы бар, адамдарға пайда әкелетін өз ісімізді ашуды армандап жүрдік, — дейді Рауана Рысқұл. — Гранттың арқасында құс санын 10 мыңға дейін көбейтіп, дайын өнім — маринадталған жұмыртқа, ысталған бөдене мен үй майонезін өндіре бастаймыз. Көптеген ауыл жастары үшін грант — өз жобасын жүзеге асырудың нақты мүмкіндігі. Бұл тек қаржылай көмек қана емес, даму мен жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.

Абай ауданында жыл сайын жастар кәсіпкерлігін дамыту және қолдау мақсатында аудан әкімінің гранттары тағайындалады. Байқауға қатысушыларға қаржы түрлі бағыттар бойынша — білім беру, ауыл шаруашылығы, спорт және қызмет көрсету салаларына бөлінеді. Жобаның басты мақсаты — жастарға өз идеяларын жүзеге асырып, жеке кәсібін бастауға мүмкіндік беру.

— Мемлекет жастарға ерекше назар аударып, олардың әлеуетін толық ашуға барлық жағдай жасап отыр, — деді аудан әкімі Сәбит Оспанов. — Ауданда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп, мектептер мен ауруханалар жаңартылуда, ауылдар абаттандырылып жатыр. Мұның барлығы — бірлескен еңбектің нәтижесі.

Биыл грант иегері атанған алты жас өз жобаларын сәтті қорғады. Абай қаласынан Зиба Шаймерден «Балаларды дамытуға инновациялық қолдау» жобасын ұсынса, Сәрепті ауылының тұоғыны Мәншүк Сәкібаева «Қазақи үлгідегі тігін ісі» жобасымен жеңіске жетті. Екеуіне де бір миллион теңгеден грант берілді. Сабина Какенова грант қаражатына заманауи фитнес-зал ашпақ, 

Владимир Могила шахмат үйірмесін ұйымдастыруда, ал Анастасия Русина өз фитнес-орталығын кеңейтуді көздеп отыр. Әрқайсысына екі миллион теңгеден грант бөлінді. Сол сияқты Рауана Рысқұл да бөдене фермасын дамыту үшін екі миллион теңге көлемінде қолдау алды.

— Мен бала күнімнен шахматқа әуестеніп келемін, — дейді Владимир Могила. — Сол қызығушылықтың арқасында Абай қаласында толыққанды шахмат үйірмесін ашуға бел будым. Мұнда 5 пен 18 жас аралығындағы балалар жаттығады, ал ересектер үшін турнир өткізу залы жұмыс істейтін болады. Қазір ғимарат дайындап, қажетті жабдықтар сатып алып жатырмыз. Бұрын мұндай шығындарды өз қаражатымызбен көтеретінбіз, енді гранттың арқасында үйірмені заманауи құрал-жабдықпен қамтамасыз етіп, спортқа көбірек бала мен жасөспірімді тартуға мүмкіндік алдық.

Қарағанды облысында бизнес бастамаларды қолдау бағдарламалары табысты жүзеге асырылып келеді. Мемлекет жастардың жаңа идеяларын іске асыруына және ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуына нақты мүмкіндік беріп отыр.