Қарағанды облысында ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен олардың қамқоршылары цифрлық мамандықтарды игереді

Фото: Қарағанды облысы әкімдігі сайтынан | Gov.kz

Үйден шықпай-ақ жұмыс істеп, заманауи кәсіпті меңгеріп, сонымен бірге жақындарына күтім жасау — бүгінде мұндай мүмкіндік ерекше қажеттіліктері бар жандар мен олардың қамқоршылары үшін шындыққа айналуда. Қарағанды облысында екі жыл қатарынан жүзеге асырылып келе жатқан «Табыс» жобасы осы мақсатқа бағытталған. Бағдарлама арқылы ондаған қатысушы IT саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, кәсіби даму бағытын тапты.

Бағдарлама түлектерінің бірі — ерекше қажеттіліктері бар баланың анасы Гүлдана Совет. Ол 1С-әзірлеуші мамандығын игеріп, бүгінде отбасылық жауапкершілікті де, кәсіби қызметті де қатар алып жүр.

— Әлеуметтік желіден курстар туралы хабарландыруды көріп, бірден өтініш бердім, — дейді Гүлдана. — Ең бастысы — оқу аралас форматта өтті. Қазір қашықтан жұмыс істеймін, балам жанымда, сонымен қатар өзімді кәсіби тұрғыда дамытып келемін. Бұл — ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен қамқоршылар үшін зор көмек. Бізге өзімізді дамытып, жаңа заман талабына сай мамандық алуға мүмкіндік берілді.

«Табыс» жобасы 2024 жылы басталған. Оның басты мақсаты — ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен олардың қамқоршыларына IT саласында сұранысқа ие дағдыларды үйрету және еңбекке бейімдеу. Оқыту «Терриконды алқабы» IT-хабы базасында, халықаралық деңгейде сертификатталған тәлімгерлердің қатысуымен өтеді. Формат әрбір қатысушының мүмкіндігіне қарай таңдалады — онлайн немесе офлайн.

Курс алты айға есептелген: алғашқы төрт ай — теория, кейінгі екі ай — тәжірибелік кезең. Өткен жылы 110 адам білім алды, олардың барлығы өңірдің IT-студияларында тәжірибеден өтті. Биыл бірінші лекте 22 ерекше қажеттіліктері бар азамат пен 28 қамқоршы жаңа кәсіби бағытқа ие болды.

— Біздің мақсатымыз — тек білім беру емес, адамдарға жаңа мамандықпен еңбек етуге мүмкіндік жасау, — дейді жоба жетекшісі Абай Амантай. — Әрине, қысқа мерзім ішінде жоғары деңгейлі маман даярлау қиын, бірақ біз ең бастысы — бағыт беріп, адамға өз әлеуетін сезінуге жол ашамыз. Курсты аяқтаған соң да кураторлар түлектерге кеңес беріп, оларды тәжірибеден өту мен жұмысқа бейімделу кезінде қолдап отырады.

Жоба серіктестерінің бірі — «1С ERP» компаниясы, ол шамамен 30 тағылымдамашыны қабылдап, жақсы нәтиже көрсеткен түлектерді тұрақты жұмысқа орналастыруға дайын. 

Солардың қатарында ерекше қажеттіліктері бар туысын қамқорлығына алған Владислав Прохоров бар. Бұрын басқа салада еңбек еткен ол, кейін IT бағытында өзін сынап көруді жөн деп шешкен.

— Бұрынғы жұмысым ақпараттық технологиямен байланысты болмағанымен, компьютерге әрдайым қызығушылығым бар еді, — дейді Владислав. — Курстар туралы жарнаманы көріп, қатысуға шешім қабылдадым. Мұндай білімді өз бетіңше алу қиын, ал курстарда тәлімгерлер жан-жақты қолдау көрсетті. Мемлекеттік бастама арқасында тек жұмыс табу емес, жаңа мансап бастауға мүмкіндік туды.

Бүгінде жобаның үш түлегі тұрақты жұмысқа орналасса, тағы тоғыз адам тағылымдамадан өтіп жатыр. Бағдарламаға ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен оларға күтім жасайтын адамдар қатыса алады. Негізгі талап — компьютермен жұмыс істеудің бастапқы дағдылары мен үйренуге деген ниет.

— Облыста ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен қамқоршыларға арналған түрлі қолдау бағдарламалары бар, — дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Айнагүл Ермағанбетова. — Мемлекеттік гранттар беріліп, арнайы жұмыс орындары құрылуда. Биыл есту, көру және тірек-қимыл жүйесі бұзылған жандар үшін 13 арнайы жұмыс орны жабдықталды. Ал «Табыс» жобасы осы жүйені толықтырып, қатысушыларға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандық меңгеруге мүмкіндік беріп отыр.

Жоспар бойынша үш жыл ішінде 300-ден астам адам оқудан өтіп, кейін еңбекпен қамту платформалары арқылы тұрақты жұмысқа орналаспақ.

Дереккөз: Gov.kz